Н.Назарбаев: Медицина саласы мен мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде ағылшын тілін меңгерулері керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Медицина саласы мен мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде ағылшын тілін меңгерулері керек. Бүгін «Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр» атты тақырыппен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында ҚР Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

Н.Назарбаев: Медицина саласы мен мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде ағылшын тілін меңгерулері керек

«Мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде біз білім мен мәдениетті жиі шатастырып жүрміз. Қазіргі заманда білім беру мен мәдени тәрбие беру бір-біріне жақын, бірақ екі бөлек шаруа. Білім берудің міндеті - заманға сай білікті, тәжірибелі, жаңа технологияны меңгерген, бәсекеге қабілетті азамат қалыптастыру. Осы арқылы өзінің бала-шағасы мен отбасы үшін елдің игілігіне қарай табыс таба білетін азамат қалыптасады. Ал мәдени тәрбие берудің міндеті - адамның ұлттық болмысын сақтауға, туған тілін, тарихы мен мәдениетін игеріп, дамытуға үйрету», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы қазіргі басты проблема неде екеніне де назар аудартты. Мемлекет басшысының айтуынша, басты проблема - тілде.

«Қазіргі заманғы білім мен ғылым басқа тілдерде, әлемдік тілдерде жасалып жатыр. Мысалы, 2014 жылы әлемде ағылшын тілінде 500 мыңнан астам кітап жарыққа шықты. Яғни, жаңа мағынасы бар кітаптар бұл. Ал қазақ тілінде - 2 мың. Әрине, кітапты сатырлатып баспадан шығартып көбейтуге болады, бірақ мәселе онда емес. Мәселе, ғылым мен білімнің ағылшын тілінде екендігінде. Егер осы 500 мың жаңа кітап қазақ тілінде шығатын болса, бүкіл әлем қазақ тіліне ден қоятын еді. Өкінішке қарай, олай емес. Ғылыми әдебиеттер де олай емес», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұндай проблема Еуропадағы, Оңтүстік Америкадағы, Азия мен Африка елдерінің басым көпшілігінде бар екенін атап өтті.

«Шындығында, көптеген елдердің бірқатарында ортақ проблема - аса ауқымды ақпарат толқынын аударып үлгермеу мәселесі. Әлемдегі техникалық ақпараттардың 70 пайызы ағылшын тілінде. Электрондық тасымал құралдарының 80 пайызы ағылшын тілінде. Қалған 20 пайызы ғана жапон, орыс, түрік, француз, қытай секілді алып тілдерге тиеді. Ендеше, жаңағы алып елдердің тілдерін ғана білетін адамның ақпаратқа қолжетімділігі шектеулі деген сөз. Бұл айырмашылықты еңсеру тіпті мүмкін емес. Әлемде білім саласының қарқынды дамитыны соншалық, оны аударуға да үлгермейміз. Біз бір жаңалықты аударып үлгергенше, екіншісі шығады. Ендеше, ғылымға, білімге негіздеп өркендейік десек, тілді білуге тиіспіз, ақпарат шыққан күні мәліметті сол кезде білуге тиіспіз. Мен бұл жерде барлық азаматтар ертеңнен бастап ағылшын тілін меңгерсін демеймін. Бірақ осыны тезірек түсініп әрекет жасаған ел ғана артықшылыққа ие болады. Бұған мысалдар жеткілікті. Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпеген ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сондықтан да медицина саласы мен мемлекеттік қызметтегі азаматтар ағылшын тілін тезірек игеруі қажет. Медицинадағы табыстар мен жетістіктердің барлығы ағылшын тілінде шығып жатыр, соны білмесе ол дәрігер адамды қалай емдейді. Қазақстанның білім беру саласында осы мәселе ескерілуі тиіс», - деді Н.Назарбаев.