Н.Назарбаев мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерін Жаңа жылмен құттықтады

Іс-шараға Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялар басшылары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің қызметкерлері қатысты, деп хабарлады Үкімет басшысының ресми сайты.
Өзінің құттықтауында Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстан ілгерілемелі даму жолымен сенімді жылжығанын айтып өтті. Президенттік сайлау өтіп, онда қазақстандық қоғамның ауызбірлігі және елді кешенді жаңғыртудағы таңдалған бағыттың дұрыстығы қуатталды. Айтулы оқиғалар Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы, Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы болды. «Индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық дамудағы маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен жалтарған жоқ, қазақстандықтар ертеңгі күніне сенімді. ЕАЭО аясында экономикалық интеграция одан әрі нығайтуға ие болды, сондай-ақ еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді», - делінген ҚР Президентінің құттықтауында. Елбасы сыртқы нарықтардағы жағымсыз оқиғаларға қарамастан Қазақстан экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтай алғанын баса айтты. Ағымдағы шаралар жедел әрі сапалы жүзеге асырылды, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға қажетті база әзірленді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне, Премьер-Министр кеңсесінің және атқарушы биліктің орталық органдарының барлық қызметкерлеріне ерен еңбегі мен мемлекетіміздің өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. «Келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, елімізді дамытуда кәсіби табыстар және отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!», - деп түйіндеді Президент өз құттықтауында.