Н.Назарбаев Сириядағы қақтығысқа қатысушы тараптарды соғысты тоқтату уағдаластығын орындауға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сириядағы қақтығысқа қатысушы тараптар соғысты тоқтату уағдаластығын орындауы қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Н.Назарбаев Сириядағы қақтығысқа қатысушы тараптарды соғысты тоқтату уағдаластығын орындауға шақырды

«Бүгінде Таяу Шығыста барша әлемнің тағдыры шешіліп жатқандығы артық айтқандық емес. Сириядағы жанжал өңірден тысқары аймаққа да теріс әсер етеді. Босқындардың мұндай тасқыны Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де болмаған. Халықаралық қоғамдастықтың Ислам мемлекетімен күрестегі іс-қимылдарының бытыраңқылығы лаңкестерге тиімді болып отыр. Сондықтан да мен Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жаһандық желісін құруды ұсындым. Егер елдер бұл күресте бірікпейтін болса, меніңше, біздер табысқа жете алмаймыз. Біз Ресей мен АҚШ арасындағы Сириядағы соғысты тоқтату туралы қол жеткізілген уағдаластықты қолдаймыз. Барлық қатысушы тараптарды қол жеткізілген уағдалдастықты толық орындауға шақырамыз», - деді ҚР Президенті.

Н.Назарбаев уағдаластықты орындау өңірдің ұзақмерзімді саяси ретке келтірілуін қамтамасыз ететіндігіне сенім артты.