Н.Назарбаев: Тәуелсіздік - жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі ұғым
«Баршаңызды баға жетпес басты мерекеміз - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Тәуелсіздік - жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым. «Адам бақытты өмір сүруі үшін, оның тәуелсіз Отаны болуы қажет» деген даналық сөз бар. Бүкіл халқымыз ақсарбас айтып, егемендік байрағын көкте желбіреткеніне, міне, 27 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті», - деді Елбасы.
ҚР Президенті сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналғанымызды атап өтті. Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа Елорда - жаңғырған Қазақстанның символы саналатындығына баса назар аударды.
«Биыл Ақордалы Астанамыздың 20 жылдығын жұрт болып жұмылып, жоғары деңгейде атап өттік. Бұл мерейтойға еліміздің барлық өңірлері атсалысып, шаһарымыздың көркейе түсуіне зор үлес қосты. Еліміз бүгінде әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. Жаһан жұртшылығы Қазақстанды мойындап, сенімді серіктес ретінде таныды. Өңірлік проблемаларды шешу ісінде салиқалы саясат ұстанған біздің ұранымыз әрдайым татулық пен тұрақтылық болды. Қазіргі таңда мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың бітімгерлік жұмыстарына белсене атсалысуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан жаңа белестерді бағындыруға кіріскенін айтты.
«Биылғы қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміз - соның айқын дәлелі. Қазақстан екі жыл бойы осы Кеңестің тұрақты емес мүшесінің мәртебелі миссиясын атқарып келеді. Бейбітшілікті жақтайтын мемлекетіміз осылайша халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылды», - деді ҚР Президенті.