Н.Назарбаев: Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тағылымды қадамдардың бірі - «Болашақ» бағдарламасы

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тағылымды қадамдардың бірі - «Болашақ бағдарламасы. Бұл туралы бүгін «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына арналған форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Н.Назарбаев: Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тағылымды қадамдардың бірі - «Болашақ» бағдарламасы

«Құрметті «Болашақ» түлектері, бүгінгі күні сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы 15 мемлекет тәуелсіздігін алды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Сол 15 республиканың ішіндегі экономикасы мен өрлеуі жағынан ең төменгілердің арасында жүретін ел едік», - деп атап өткен Мемлекет басшысы 150 жыл бойы Ресейдің боданында болған Қазақ елінің 91 жылдың 16 желтоқсанында өз Тәуелсіздігін алғанын баса айтты.

«Бізде сыртқы саясат деген болған жоқ. Ішкі саясатымызды да Мәскеу тағайындап беретін. Кадрларымыз жоқ. Нарық экономикасы дегенді ешкім білмейді. Жоғары оқу орындары бұдан бұрын оған оқытқан жоқ. Дүниежүзілік экономиканың не екендігін ешкім білмейді. Біз жерге түсіп сынған табақтың бір сынығы сияқты болып қалдық. Экономика тоқырады. Халық жұмыссыз қалды. Жалақы төлейтін, зейнетақы төлейтін бюджетте қаражат жоқ. Барлық дүкендердің іші бос. Сатып алатын тамақ та жоқ. Ай сайын инфляция 50 пайыз, жылына 2160 пайызды құрайтын. Сендер оны қазір түсінесіңдер. Мұндай жайт Латын Америкасының тоқырауы кезінде де болған жоқ. Осындай жағдайға біз тап болдық. Сондықтан Тәуелсіз ел болып, Қазақстанды жеке мемлекет жасау, оны көтеру деген ұлы мақсат алдымызда тұрды. Соның ішіндегі тағылымды қадамдардың бірі «Болашақ» бағдарламасы еді», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде 93 жылдың күзінде, осыдан тура 20 жыл бұрын мемлекеттің қаржысы болмаса да, кадрларды шетелде дайындау туралы шешім қабылдағанын атап өтті.