Н. Назарбаев украиналық қақтығысты реттеуде «адал менеджер» ретінде көмек көрсетуге әзір
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев украиналық қақтығысты реттеуде «адал менеджер ұстанымында» көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді. Бұл туралы ҚР Президенті еліміздің жетекші телеарналар журналистеріне берген сұхбатында мәлім етті.
«Қазіргі кезде барлығының мақсаты осы соғысты тоқтатып, Украинаның тәуелсіздігін нығайтуға, Украинаның аумақтық тұтастығын мойындауға негізделген. Келіссөздер үстеліне отыру қажет. Бұл жайында бүгінде ресейлік басшылар да айтуда», - деді Н. Назарбаев.
Бұл тұрғыда ҚР Президенті өз тарапынан бұл қақтығысты реттеуде көмектесуге даяр екенін қадап айтты.
«Қазақстан Ресейге де және Украинаға да бірдей қарайды, сондай-ақ бізде мүдделер шиеленісі жоқ. Мен ешқандай тарапты жақтамайтын «адал менеджермін», бейтарап ұстаныммен қандай да бір үлесті қоса аламын. Бұл - жақсылыққа негізделген қалауым», - деді Елбасы.