Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Жапонияда талқыланды

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат – Токиодағы Жапонияның конституция үйінде наурыздың 26-сы күні Қазақстан Елшісі Ақылбек Камалдинов брифинг өткізді.

Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына  Жолдауы Жапонияда талқыланды
Бұл шара Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мәселелерін түсіндіруге және еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі сипаттарына арналды, деп хабарлады ҚазАқпаратқа сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен. Бұл іс-шараға Жапония Парламентінің депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың, ірі компаниялар мен зерттеу орталықтарының, университеттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Брифингті ашқан Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша ғылыми-зерттеу институтының директоры доктор Тэцуо Танака, Қазақстанның әлемдік экономикалық дағдарыстың соққысына алдын-ала дайындалып, Ұлттық экономиканың орнықты дамуын сақтау және негізгі әлеуметтік бағдарламаларды қолдау үшін оңтайлы қадамдар қабылдай алған әлемдегі аз мемлекеттердің бірі екенін атап көрсетті. Брифинг барысында Қазақстан Елшісі сондай-ақ жапон тіліне аударылған Президент Н.Назарбаевтың «Бейбітшілік пен келісім саясаты» тақырыбындағы сөздерінің жинағын таныстырды.