Н. Нығматулин: Біздің басты мақсатымыз - «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын табысты жүзеге асыру

Бірінші кезекте спикер қайтадан Мәжіліс төрағасына сайлағаны үшін барша депутаттық корпусқа алғысын жеткізіп, бұл үлкен мәртебе мен зор жауапкершілік екенін атап өтті. «Елбасының және Сіздердің сенімдеріңізді ақтау, Мәжілістің жұмысын одан әрі күшейту жолында барлық жинаған білімім мен тәжірибемді жұмсайтын боламын», деді спикер.
Сонымен қатар, Н.Нығматулин Парламенттің алдындағы мақсат Бес институттық реформа аясындағы «100 қадам» Ұлт жоспарын табысты жүзеге асыру екенін айтып, Елбасы жүктеген тапсырманы орындау барысында палата төрағасы ретінде барлық фракция мен депутаттардың пікіріне құлақ асатынын жеткізді.
«Мен партияаралық диалогтың ғана Президент реформалары мен бағдарламаларын бізге жүйелі әрі сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне нық сенімдімін. Осыған байланысты алда күтіп тұрған күрделі жұмыстарда баршаңыздың еңбегіңізге табыс тілеймін. Депутаттық корпустың кәсібилігі мен патриоттығы біздің алдымызға Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы орындауға септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді Н. Нығматулин.