Н. Нығматулин Польша Сеймінің вице-спикері Е. Вендерлихпен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Польша Республикасы Сеймінің вице-спикері Ежи Вендерлихпен кездесті.
None
None

Бұл туралы палата аппаратының баспасөз қызметінен мәлім етті.

Кездесу барысында тараптар екі ел әріптестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы сыртқы саяси және экономикалық маңызды әріптесі.

Екі тарап та біздің елдеріміздің халықаралық саясаттағы өзекті мәселелер төңірегіндегі өзара ықпалдастығын сөз ете келіп, Қазақстан мен Польша мемлекеттерін аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы ұқсас ұстанымдары біріктіріп отырғанын айтты.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі өзара түсіністік пен татулықты сақтаудағы бірегей институт екеніне баса назар аударды.

Өз кезегінде Ежи Вендерлих түрлі салалардағы Қазақстан мен Польша арасындағы қарым-қатынасқа жоғары баға беріп: «Бізде Қазақстаннан сабақ алатын мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, сіздердің Президенттеріңіз жүргізіп отырған этно-мәдени саясатқа байланысты. Оған Қазақстанда тұрып жатқан этникалық поляктарға оқуға, еңбек етуге, жасампаздыққа ұмтылуға барлық мүмкіндік жасалып отырғаны дәлел бола алды», - деді ол.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 50 мыңнан астам этникалық поляктар өмір сүреді, 160-тан астам бірлескен кәсіпорын тіркелген, сыртқы сауда айналымы 2012 - жылы 2 млрд. АҚШ долларын құрады.

Кездесуде әңгіме өзегіне айналған тақырып - парламентаралық әріптестік. Қазақтан мен Польша арасында тұрақты даму жолына түскен сындарлы байланыс орнаған.

«Поляк парламенті өкілдерінің жергілікті өзін-өзі басқаруды заңнамалық қамтамасыз ету мәселесіндегі тәжірибелері назар аударарлық»,-деп атап өтті Нұрлан Нығматулин өз сөзінде.

Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы мен Польша Сеймінің вице-спикері алдағы уақытта да екі елдің өзара табысты қарым-қатынасының соның ішінде, халықаралық деңгейде әлеуетінің зор екендігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар