Н.Сабильянов: Үнемдеудi азаматтар өздерiнен бастауы керек

АСТАНА. ҚазАқпарт - Үнемдеудi азаматтар өздерiнен бастауы керек. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов айтты.

Н.Сабильянов: Үнемдеудi азаматтар өздерiнен бастауы керек

«Жалпы үнемдеудi азаматтар өздерiнен бастауы керек. Ең алдымен тек керек заттарды сатып алуға ұмтылып, ысырапшылдыққа бармау қажет және өзiне қолайлы жағдайға байланысты қаражатты жұмсау дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, бiзде қазiргi кезде қоғамда әр түрлi жағдайлар бар. Кей кезде бiр-бiрiмiзбен жарысамыз, кей кезде өзiмiздi көрсеткiмiз келедi, кей кезде мақтаншықтыққа салынып кетемiз. Соған бармауымыз керек», - деді депутат.

Оның атап өтуінше, ең бастысы, қолда бар қаражатты тиiмдi, үнемдi пайдаланып, өзiмiздiң балалардың бiлiмiне, солардың болашағына салу қажет.

«Мен көп балалы әке ретiнде қандай жағдайда балаларға бiлiм беру, қалай қаржыландыру керектiгiн жақсы бiлемiн. Сондықтан, ең бастысы балаларға дұрыс тәрбие беретiн болсақ, оларды да үнемдеуге үйрететін болсақ, онда, адамдардың өз табысы өздерiне жетуi тиіс», - деді ол.