Н.Сауранбаев: Қазақстан геологиялық сынамаларды Ресей мен Қырғызстанда зерттеуге мәжбүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда геологиялық сынамаларды зерттейтін зертхана жоқ. Бұл туралы бүгін «Геология - 360» сұхбат алаңында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.
«Қазақстанның мемлекеттік геологиялық инфрақұрылымында халықаралық стандартқа сай сертификатталған зертхана жоқ. Еліміз әлемдегі қуатты тау-кен саласына ие мемлекеттердің бірі болғандығына қарамастан бізде бірде-бір сертификатталған зертхана жоқ, - деді ол.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта еліміздегі барлық сынамаларды зерттеу үшін Ресейге, не болмаса аталған зертханаға ие көрші қырғыз еліне жіберіледі.
«Жыл сайын әлемнің бірқатар елдеріне зертханалық жұмыстар жүргізу үшін ондаған мың түрлі сынама жіберіледі. Осыған сәйкес, аталған геологиялық ақпарат сол елдерде сақталады. Олар құнды ақпараттарға ие әрі оны алу үшін сол жұмыстарды қайта жүргізу қажет», - деді Н.Сауранбаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, соңғы 13 жылдың ішінде геологиялық мәліметтерді өңдеу үшін Қазақстаннан 1,5 млн. түрлі сынамалар сыртқа шығарылған.
«Қазіргі уақытта біз Парламентте жаңа заң жобасы бойынша жұмыс істеудеміз. Яғни, біз жоғарыда аталған ақпараттардың Қазақстанда қалуын реттемекпіз», - деді ол.