Н.Тілендиев атындағы II Республикалық дирижерлер конкурсының жеңімпаздары марапатталды
АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Н.Тілендиев атындағы II Республикалық дирижерлер конкурсының жеңімпаздары марапатталды.
Қазақ дирижерлік мектебінің дәстүрін сақтап әрі қарай дамыту, дирижерлік өнер аясында жас талантты анықтау және олардың шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасау, ұлттық мәдениетіміздің құндылықтарын жаңғыртып, жастарды патриоттылыққа тәрбиелеу, Н. Тілендиевтің қалдырған өшпес мұраларын жаңғыртуға арналған конкурсты жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Ағымдағы жылы байқауға еліміздің барлық облыстарынан жоғары оқу орындарының студенттері мен дирижерлері қатысты.
Сонымен өнер сайысының бас жүлдесі ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің дирижері Ерболат Ахмедьяровқа бұйырды. Ал І-ші орын Тәттімбет атындағы Академиялық Қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестігі симфониялық оркестрінің дирижері Ерлан Бақтыгерейге, ІІ-ші орын Астана қалалық мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің дирижері Руслан Баймурзинге, ІІІ-ші орын М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Әділ Бестембековке, Құрманғазы атындағы ҚҰК I курс студенті Берік Жайлаубаев және Ақмола облыстық филармониясының симфониялық оркестрінің бас дирижері Әлихан Ыдырысовтарға бұйырды. Сондай-ақ Жексен Айсын, Арман Аманжолов, Никита Пологнюктер дипломмен, ал Қуаныш Исмайылов пен Мадияр Тойболдиев арнайы сыйлықтармен марапатталды.