Н.Тілендиев туралы «Құстар әні» фильмі көрерменге жол тартады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» агенттігінің тапсырысымен қазақтың дарынды тұлғасы, ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы туралы фильм түсірілуде.
Фильм атақты «Отырар сазы» оркестрінің құрылған сәтінен басталады. Көркем фильм сазгердің бірегей музыкалық туындысымен «Құстар әні» деп аталады. Фильмнің режиссері Рашид Сүлейменовтің айтуынша, қазақтың біртуар, дара ұлы туралы фильм түсіру үшін сазгермен араласқан, қатар жүрген көптеген жандармен әңгімелескен. Режиссер бас кейіпкердің образын сомдау үшін актер Ергенбай Абуевті таңдапты. - Ол кісіні мен жас кезімнен көп рет көрдім. Концерттеріне бардым. Ұстазым Қазақстанның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпанов мені бір ертіп барып, «мынау менің жақсы шәкіртім, әдейі саған көрсетуге алып келдім» деп таныстырды. Ол кісі музыканы басқаша тыңдайды, басқаша сезінеді, мүлдем басқаша көреді, - дейді Ергенбай Абуев. Фильмде домбырашы қыз Жібек сазгерді өзінің шебер орындаушылығымен таңғалдырады. Бір қызығы, Жібектің рөлінде ойнайтын актриса Гүлназ Жоланова ешқашан қолына домбыра ұстамаған. Кастингтен өткен соң, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін үйреніпті. - Бұл менің алғашқы тарихи жобам. Мұның қаншалықты жауапкершілігі жоғары, қаншалықты маңызды екенін сезінемін. Бар күшімізді салып жатырмыз, көрерменнің көңілінен шығады деген үміттемін, - дейді актриса Гүлназ Жоланова. «Құстар әні» 5 сериялы көркем фильмін көрермендер жақын уақытта «Хабар» телеарнасынан тамашалай алады, деп хабарлайды 24.kz.