Нью-Дели Amazon-ға Үндістан туы бейнеленген компьютер кілемшесін сатуды тоқтатқызды
АСТАНА. ҚазАқпарат -Amazon.com өзінің канадалық сайтында үндістандық ту бейнеленген кілемшелердің сатылымын тоқтатты. Оған себеп - Үндістан билігінің америкалық компания қызметкерлері визасының күшін жоямыз деп сес көрсетуі, деп хабарлайды Reuters.
«Amazon сөзсіз кешірім сұрауы тиіс, - деп жазды Туиттерге Үндістан сыртқы істер министрі Сушма Сварадж. - Олар біздің мемлекеттік туымызды қорлаған барлық тауарды сатылымнан алып тастау керек».
«Егер мұны тез арада орындамаса, біз Amazon-ның бірде-бір қызметкеріне үндістандық виза бермейміз, - деді ол. - Сондай-ақ, бұрындары берген барлық визаның күшін жоямыз».
Сәрсенбі күні кешке Amazon-ның канадалық сайтында кілемше сатылымнан алынды.
Amazon сайтының канадалық нұсқасында өзге мемлекеттердің туы бейнеленген кілемшелер сатылады.
Айта кетерлігі, Үндістан заңдарында мемлекеттік туды қорлағандарға айыппұл және тұтқынға алу секілді жаза түрлері қарастырылған.