Нью-Йорк әуежайында босқындарды тұтқындауға қарсы наразылық басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорк қаласының Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайында президент Дональд Трамптың босқындарды АҚШ аумағына кіргізбеу туралы жарлығына сәйкес 11 адам ұсталды. Бірнеше белсенді әуежай терминалында наразылық ұйымдастырып, қоныс аударуға мәжбүр болған босқындарды босатуды сұрады, деп хабарлайды Би-Би-Си.

Нью-Йорк әуежайында босқындарды тұтқындауға қарсы наразылық басталды

Келген журналистердің хабарламасына сәйкес, наразылық білдірушілер «Біз босқындармен біргеміз» деп ұрандап жатқанда, кейбір мұсылмандар дұға жасаумен болған.

Бұл жарлықтың салдары әзірге белгісіз. Адам құқықтарын қорғау туралы бірнеше ұйымдар бұл жарлыққа қарсы сотқа шағым түсіретіні хабарланды.

Трамптың жарлығында көрсетілген жеті елдің әуе компаниялары өз жолаушыларына егер олардың АҚШ-та тұру туралы ықтияр хаты (Грин-карта) немесе дипломатиялық визасы болмаса, Америкаға рейс жасаудан бас тартуға мәжбүр екендігін мәлімдеген.

Бұл елдердің қатарында - Ирак, Иран, Йемен, Ливия, Сирия, Сомали мен Судан бар.

АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядан келетін босқындарды қабылдамау туралы жарлыққа жұма күні АҚШ-тың қорғаныс министрі қызметіне генерал Джеймс Маттисті ұлықтау рәсімінде қол қойды. Сонымен қатар өзге мемлекеттерден келетін мигранттарды кіргізуді 120 күнге шектеді.

«Елімізге тек бізді қолдайтын және халқымызды шын көңілімен жақсы көретін адамдарды ғана кіргізгіміз келеді», - деп атап өтті Трамп қол қою рәсімінде.