Нью-Йорк аукционында Гагариннің ғарышқа сапары туралы құжат сатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорктегі Sotheby's аукционында Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы жөніндегі мәліметтер қамтылған құжаттың түпнұсқасы мен Нил Армстронгтің Айдан жиналған шаң-тозаңы бар қалташасы сатылды. Бұл туралы NBC News хабарлады.

Нью-Йорк аукционында Гагариннің ғарышқа сапары туралы құжат сатылды




Сауда-саттықта Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы жөніндегі құжаттың түпнұсқасы 47,5 мың долларға сатылды. Жалпы аукционға КСРО-ның ғарыш бағдарламасына қатысты 10 зат қойылды.

Гагариннің скафандрдағы суреті бар құжат Чкалов атындағы Орталық аэроклубтың бланкінде ағылшын тілінде жазылған. Ол «КСРО азаматы Юрий Гагариннің 1961 жылдың 12 сәуірі күні «Восток» ғарыш кемесі-спутнигінде ғарышқа тұңғыш сапарының рекордын тіркеу» деп аталады.

Аукционда құжаттың алғашқы бағасы 50-80 мың долларды құраған болатын.

Сондай-ақ америкалық астронавт Нил Армстронгке тиесілі болған Айдан жиналған шаң-тозаңы бар қалташа 1,8 млн долларға сатылды. Сатып алушының аты-жөні әзірге аталмауда. Бұған дейін ұйымдастырушылар қалташаны 2-4 миллион доллар аралығында сатуға үміттенген болатын.

«Бұл артефакт америка халқына тиесілі және көпшіліктің назарына қойылуы тиіс деп санаймыз. Ол белгілі бір адамның меншігінде болмауы тиіс», - деп пікір білдірді аукционның нәтижесі жөнінде NASA-да.

Нил Армстронг 500 грамға жуық топырақ пен Айдың жоғары қабатының әр жерінен жиналған 12 түрлі фрагментті аталмыш қалташаға салып, Жерге жеткізген болатын.