Нью-Йорк өздігінен басқарылатын автокөліктерді сынауға рұқсат берді
АСТАНА.ҚазАқпарат - Нью-Йорк штатының көлік департаменті қоғамдық жолдарда жүргізушісіз автокөліктерді сынап көруге рұқсат берді. Сынақ кезеңі 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін жалғаспақ, деп хабарлайды governor.ny.gov .
Нью-Йорктегі басқарусыз өздігінен жүретін автокөліктерге лицензия алып, оны сақтап қалу үшін компания бірқатар шарттарды орындауға міндетті. Бәрінен бұрын, компанияның 5млн доллар көлемінде сақтандыру полисі болуы керек. Калифорниядағы көлік департаментіндегідей, Нью-Йорк департаменті де өтініште сынаққа қатысатын әр көліктің көрсетілуін талап етеді. Әрбір тестілеуді штаттағы полиция қызметкерлері жіті қадағалайтын болады, олардың қызметі де компания тарапынан қаржыландырылады. Сондай-ақ, компания тестілеу жайлы толықтай есеп беруге міндетті.
«Біз дербес көлік құралдарын енгізу барысында қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін және Нью-Йорк көшелеріндегі адамдардың өмірін сақтап қалу мақсатында өте сақ болуға тырыстық», - дейді Нью-Йорктың губернаторы Эндрю Куомо.