Нью-Йорк штатының соты Қазақстан билігінің электрондық хат алмасуға заңсыз қол жеткізілуіне қатысты талап-арызы бойынша алдын ала шешім шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 наурызда Нью-Йорк штатының соты Қазақстан билігінің заңмен қорғалатын адвокат құпиялылығына жататын электрондық хат алмасуға заңсыз қол жеткізуге және ондағы хабарламаларды жариялауға қатысты талап-арызы бойынша алдын ала шешім шығарды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Нью-Йорк штатының соты Қазақстан билігінің электрондық хат алмасуға заңсыз қол жеткізілуіне қатысты талап-арызы бойынша алдын ала шешім шығарды

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі халықаралық төрелік және шетелдік сот талқылауларында Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді және қорғайды. Осы фукнцияларды атқару шегінде Әділет министрлігі халықаралық заң компанияларының қызметтерін пайдаланады. 2015 жылдың қаңтар айында халықаралық заң компанияларымен электрондық хат алмасудағы ақпараттардың кейбір халықаралық вебсайттарда жариялану фактісі анықталды.

ҚР Үкіметінің консультанттары заңмен қорғалатын адвокат құпиялылығына жататын электрондық хат алмасуға заңсыз қол жеткізуге және ондағы хабарламаларды жариялауға қатысты Калифорния (Reed Smith LLP заң компаниясы) мен Нью-Йорк (Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP заң компаниясы) штаттарында сот талаптарын берді. Қазіргі уақытта осы процестер жалғасуда.

2015 жылы 13 наурызда Нью-Йорк штатының оңтүстік аймақтық соты (АҚШ) заңмен қорғалатын хат алмасуды және Қазақстан Республикасына тиесілі басқа да құжаттарды заңсыз алған және жариялаған тұлғаларға, сондай-ақ осылармен бірігіп әрекет жасаған тұлғаларға осындай құжаттарды одан әрі қолдануға немесе басқаша таратуға тыйым салатын алдын-ала бұйрық шығарды. Осы бұйрық қылмыстық және азаматтық жауапкершілікті қарастыратын АҚШ федералды заңдарына сәйкес шығарылды.