Нью-Йоркте 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған лаңкестік құрбандарын еске алу мұражайы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обама бірінші болып 2001 жылы 11 қыркүйекте лаңкестік актілердің салдарынан қаза болғандарға арналған мұражай экспозициясын қарап шықты.
Мұражай бейсенбі күні Ньй-Йорктің Манхэттен ауданында ашылды, деп хабарлады ИТАР-ТАСС. Бұзылған қос мұнара орнындағы кешенде экскурсияны Америка президенті мен бірінші ханым Мишель Обамаға, сонымен бірге, олармен келген АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон мен бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонға бұрын Нью-Йорк мэрі болған Майкл Блумберг өткізді. Олар қираған Бүкіләлемдік сауда орталығының құрыш тірегі мен бетонды сатыны қарап шықты. Кешеннің негізгі бөлігі жерден 20 метр тереңдікте орналасқан. Көрме залдарының жалпы аумағы 1 шаршы шақырымды құрайды. Осы апатты бастан кешкендерден жазылған аудио жазба үнемі жүріп тұрады. Мұражайға кірер жерде келушілер үлкен картаны көре алады, онда лаңкестердің басып алып, зәулім ғимаратқа соғылған әуе лайнерлерінің бағыты көрсетілген.
Ұлттық мемориал мен мұражай қорының директоры Джо Дэниелс 15 мамырдан бастап алты күн бойы мұражайдың ресми ашылуына дейін оған кез келген уақытта, тіпті түнде тегін келуге болатынын мәлімдеді. Оған зардап шеккендер, қаза болғандардың туыстары мен құтқару қызметтерінің жұмысшылары келе алады. Ал қалғандары үшін мұражай 21 мамырдан бастап жұмыс істейді. Билеттердің бағасы 24 долларды құрады. Көптеген американдықтар мұражай жұмысына қажетті шығынды мемлекет өз мойнына алып, сол себепті ол үшін ақы алмауы керек деп санайды.