Нью-Йоркте аспанмен таласқан ғимараттың 100 қабатының құрылысы аяқталды

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте 2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік кезінде қираған Бүкіләлемдік сауда үйінің қос ғимараты орнына салынып жатқан аспанмен таласқан зәулім үйдің 100 қабатының құрылысы аяқталды, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
Ресми түрде ВТЦ-1 деп аталған ғимарат құрылысының жұмыстары бұдан алты жыл бұрын - 2006 жылы сәуірде басталған болатын. 104 қабатты Бостандық мұнарасы Батыс жартышар аумағындағы ең биік және әлемдегі үшінші аспанмен таласқан ғимарат болмақ. Оның биіктігі - 1776 фут (541 метр), ол АҚШ тәуелсіздігі жарияланған жылды бейнелейді. Құрылысты аяқтау 2012 жылғы желтоқсанға, оны салтанатты ашу - 2013 жылдың жазына жоспарланған.
ВТЦ-1 құрылысының құны кемінде 3,8 миллиард долларға бағаланып отыр, ол әлемдегі ең қымбат ғимарат болмақшы.
Нью-Йорктегі ең биік ғимарат болу үшін ВТЦ-1 тағы 1,2 метрге биіктемек. Қала өкімет орындары мен сәулетшілердің ойынша, ВТЦ-1 ғаламшардағы ең қауіпсіз және сенімді ғимарат болуы тиіс - оның іргетасы құрыш біліктермен бекітілген, алғашқы бірнеше қабаттары қуатты темір-бетоннан құйылған.
Бүкіләлемдік сауда орталығының жаңа кешені құрамына ВТЦ-1-ден басқа тағы үш биік кеңсе ғимараттары кіреді, сондай-ақ 11 қыркүйектегі лаңкестік құрбандарына арналған мемориал мен мұражай орналасады. Мемориалдың ашылуы өткен жылғы қыркүйекте - осы қайғылы оқиғаның он жылдығына орай болып өтті, ал мұражай биылғы жылдың күзінде ашылмақ.