Нью-Йоркте Головкин мен Гилдің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте 26 шілдеге жоспарланған жекпе-жек алдында WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен әлемнің экс-чемпионы Дэниэл Гилдің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлады sk-sport.kz.
Австралиялық боксшының промоутері Гэри Шоу тамаша ұрыс болатынына уәде берді және Дэниэл қалыпты, ол Геннадийдан қорықпайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Головкинді, оның нокауттарын құрметтейтінін айтты, оның айтуынша, Головкин ешқашан бос сөйлемейді және кез келген үміткермен кез келген уақытта сайысқа дайын.
«Бұл мен үшін тамаша жекпе-жек және менің мансабымдағы маңызды кезең. Өткен жылы Баркермен ұрыста қателік жібердім. Бірақ та мен залға келіп, тынбастан жаттықтым. Менің уақытым келді деп ойлаймын. Бұл кешті асыға күтемін», - деді Дэниэл Гил.
«Мен Дэниэлді білемін, ол тамаша боксшы екенін білемін. Менің есімде, оның көптеген ұрыстарын көрдім. 26 шілдеде Madison Square Garden-де тамаша шоу болады деп ойлаймын», - деді Геннадий Головкин.
Еске сала кетейік, 2001 жылы Головкин Гилмен әуесқой рингте кездесіп, сонда жеңіске жеткен болатын.