Нью-Йоркте түркітілдес диаспора өкілдері бас қосты

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында түркітілдес диаспоралар өкілдерінің арасында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Әзербайжан Республикасы, Түркі кеңесінің Диаспоралық мемлекеттік комитеті ұйымдастырып, оған Қазақстан Республикасы «Отандастар Қоры» КЕАҚ және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы делегациясы қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат «Отандастар қорына» сілтеме жасап хабарлайды.

Нью-Йоркте түркітілдес диаспора өкілдері бас қосты

Атап айтқанда, шараға Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Г.Гозалов, «Отандастар Қоры» КЕАҚ Бірінші вице-президенті Т.Адуов, Әзербайжан Республикасының Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары В.Гаджиев, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік көші-қон қызметінің төрағасы Б.Ибрагимжанов, Қазақстан Республикасының Бас консулы Ж.Абдрашов, Түркия Республикасының Бас консулы А.Ақташ және диаспораның орталық мекемелерінің басқа да лауазымды тұлғалары мен АҚШ-та тұратын Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер диаспораларының өкілдері қатысты.

Жүздесуде Г.Гозалов қатысушыларға Түрік кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы диаспоралардың ынтымақтастығы туралы хабардар етіп, 2019-2020 жылдары іске асырылуы тиіс шаралар жайында есеп берді. Сонымен қатар Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер диаспорасы орталық мекемелерінің лауазымды тұлғалары шетелде тұратын өз

диаспораларымен жұмыс туралы баяндама жасалды. Ал АҚШ-та тұратын Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер диаспоралары өкілдері өз қызметі туралы әңгімелеп, тұрақты ынтымақтастықты нығайту және өзара үйлестіру жолдарын талқылады.

Бұдан бөлек, тараптар үйлестірілген, кешенді және тұрақты іс-қимылдарды қамтамасыз ету мақсатында олардың орталық диаспора мекемелері мен диаспоралар өкілдері арасындағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Сондай-ақ, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер диаспорасының орталық мекемелері түркітілдес диаспора жастары үшін бірлескен мәдени, білім беру және спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға уағдаласты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар әйгілі әзербайжан ақыны және Түркі мистикалық ақындарының бірі Имадедин Насимидің 650 жылдығына арналған Миллс театрындағы концертті тамашалады.