«Нью-Йоркте жоқ, жоқ»: Еркенің əні мұхиттың ар жағында қалай хитке айналды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әнші Ерке Есмаханның «Қайда?» әнінің мұхит асып, америкалықтардың көңілін көтерген видеосы әлеуметтік желіде таралып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Видеоны Ерқанат Әбени (Erqanat Əbeni) есімді фейсбук қолданушысы өз парақшасына жүктеген. Бейнежазбадан шамамен Нью-Йорктегі бір мейрамханада қызмет ететін америкалықтардың «Қайда?» әніне шалқып билеп жүргенін көруге болады. Фейсбукте көрсетілгеніндей, бейнежазба АҚШ-та түсірілген. Көңілді америкалықтардың бірі тіпті «Қара жорға» биіне басқан.
Айта кетерлігі, Ерке Есмаханның «Қайда?» әні YouTube желісінде рекордтардың бірінен кейін бірін бағындырып келеді. Атап айтқанда, осы жылдың 9 маусымында желіге жүктелген клипті 2 жарым айдың ішінде 20 миллионнан астам адам тамашалаған болатын. Ал қазір аталған желідегі клиптің көрілімі 30 миллионнан асып кеткен.