Нью-Йорктегі Николай Рерих музейінің жауһарлары Астанаға жеткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанда тұңғыш рет аты аңызға айналған суретші, философ,саяхатшы және археолог Николай Рерихтің шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Нью-Йорктегі Николай Рерих музейінің жауһарлары Астанаға жеткізілді

Көрме ЭКСПО-2017 аясында ҚР Ұлттық музейінде өтіп жатыр.

 «Шамбаланы іздеу жолында: Нью-Йорктегі Николай Рерих музейінің жауhарлары» атты картиналар көрмесінде суретшінің жастық шағында және 1920-1940 жылдары салынған 37 туындысы қойылған.

Атап өткен жөн, Николай Рерих өте көп саяхаттаған, оның жүздеген жұмысы Орталық Азия экспедициясында  Қытай Түркістанында, Моңғолияда, Үндістанда және Тибет пен Алтайда салынған.

1926 жылы Рерих экспедициясы Шығыс Қазақстанға, әрі қарай Өскемен, Семей, Павлодар және Омбыға барған.

«Бұл көрме Қазақстан мен АҚШ-тың өнер тілі деңгейіндегі диалогы. Біз Қазақстанға ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу күндері келіп отырмыз. Рерих болашақтың энергиясы өнерде жатыр деп есептейтін», - деді Орыс-Америкалық Қорының президенті, америкалық «Son Mar Group» компаниясының негізін қалаған, Бруклин мемлекеттік мұражайының экс-кураторы Марина Ковалева. 

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов қатысты.

Көрме ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен және БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Миссиясы мен Қазақстан және АҚШ Елшіліктерінің ресми қолдауымен өтуде.