Н.Зарудная: «Абайдың қара сөздері, бұл - «Ар-намыс кодексі»
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте, ең алдымен, азаматтардың бойындағы әділдік, инабаттылық сияқты моральдық қасиеттерді барынша дамыту қажет.
Бүгін Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен жиында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының директоры Наталья Зарудная осы мәселені ерекше атап өтті.
Осы орайда ол қазақ халқының данышпаны Абай Құнанбайұлының «Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас. Сыртың - пысық, ішің - нас, Артын ойлап ұялмас» деген сөзін мысалға келтіріп: «Қазір де Абай сөздерінің маңызы зор. Себебі бүгінде жемқорлық халықты жегідей жеп, елдің дамуына айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. Абайдың қара сөздері афоризм ғана емес, бұл - «Ар-намыс кодексі», - деді.
Ал журналистердің: «Сіз өзіңіз Абайды оқыдыңыз ба?» деген сауалына Н.Зарудная: «Соғыс жылдары менің әкем Қазақстан жерінде болды. Сондықтан мен Абай туралы біліп өстім. Әлі есімде, үйде «Абай жолы» романы жатты. Оны мен мектепте жүріп, оқып шыққанмын. Одан кейін ақынның «Қара сөздеріне» үңілдім. Сол кезде айтылғанның бәрі қазірдің өзінде де өзекті екендігін жете түсініп отырмын», - деп жауап берді.