Нағашыбай Мұқатов - лирик ақын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатовтың туған күні.

Нағашыбай  Мұқатов -  лирик ақын

Н. Мұқатов Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты, Торғай селосында 1949 жылы 14 наурыз күні дүниеге келген.

Ол еңбек жолын Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінен бастаған. Сол кездері аудандық, облыстық ақындар айтысына бірнеше мәрте қатысып, жеңімпаз атанған.

Нағашыбай Мұқатов - Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Ол Қазақстан радиосы және теледидары саласында 40 жылға жуық қызмет жасады. Байырғы Торғай, Қостанай облыстық радиолары редакциясында журналистік қызмет атқарған. Қостанай облыстық телерадио компаниясында қазақ редакциясын, «Шаңырақ» шығармашылық бірлестігін басқарған. Республикалық теледидар хабарлары фестивалінде үш мәрте жүлдегер атанды.

Ақын бүгінгі таңда Қостанай қаласында тұрады. Облыс орталығындағы бұқаралық сипаттағы мәдени шараларға белсенді түрде араласады. Ол жылда өтетін оқушылардың облыстық «Жас тұлпар» айтысының, Мұқағали Мақатаев атындағы байқаудың тұрақты әділқазылар алқасының мүшесі. Қостанайдағы аймақтық айтысты жүргізуші ретінде де танымал. Мәртебеге ие қазақ тілінің тағдыры жайлы радио, теледидардан жиі сөйлейді, баспасөзге үнемі материалдар жазып тұрады. Облыстық тіл оқыту орталығы тыңдаушыларына дәріс береді.

Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының директоры болып 7 жыл қызмет істеді. Қазір А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде дәріс береді.

Нағашыбай Мұқатов лирик ақын ретінде танымал. Ол қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным - қара шаңырағым» атты тұңғыш республикалық радио фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

Ақын «Сөйле, жүрек», «Айналайын адамдар», «Ақ бұлақ», «Жанымның жасыл жапырақтары» өлеңдер жинағының авторы. Сондай-ақ «Ой отауда оңаша», «Көкірек көзбен көргендерім» (ой-толғамдар), «Бейсенбай биік бәйтерек» (деректі әңгіме), «Қанат және Қаламқас», «Бекзат аға, Санжар іні» (балаларға арналған өлеңдер), «Күлкім келеді» (сатиралық интермедиялар), «Қазыналы Қайнекей» (ғылыми монография) деп аталатын кітаптары жарық көрген. Қаламгер көрнекті ақын, әдебиетші, аудармашы, қоғам қайраткері, қазақ поэзиясына оқиғалы өлеңді (баллада) орнықтырып, жетілдіруші Қайнекей Жармағанбетовтің әдеби бай мұрасынан кандидаттық диссертация қорғаған.

Нағашыбай Мұқатов «Кеңес одағы теледидары мен радиосы қызметінің үздігі» белгісімен, Астананың 10 жылдық мерекелік медалімен марапатталған. Ол - Қазақстан Республиканың мәдениет қайраткері. Қостанай облыстық меценаттар клубы тағайындаған «Қазына» сыйлығының екі мәрте иегері.