Нағыз қазақ халқына ғана тән ұлттық спорттың көптеген түрлері бұқаралық сипатқа ие бола алмай отыр

«Республикамызда ұлттық спорт түрлерін насихаттау және дамыту мақсатында жыл сайын сан алуан спорт түрлерінен, атап айтсақ, «аламан бәйге», «көкпар», «құнан бәйге», «жорға жарыс» секілді ат спорты түрлерінен, қазақша күрестен және басқа да көптеген әртүрлі жарыстар өткізіліп тұрады. Спорттың бұл түрлері елімізде жақсы дамып, қарқын алып келеді, кейбір спорт түрлері еліміздің шеңберінен шығып халықаралық дәрежеде өткізіліп жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Алайда, ұлттық спорттың көптеген түрлері, атап айтсақ бүркіт, ителгі, қаршыға секілді қыран құстарды баптайтын құсбегілік, қансонарда тазы баптап аңға салу секілді нағыз қазақ халқына ғана тән ұлттық өнеріміз бұқаралық сипатқа ие бола алған жоқ. Ал көнеден жеткен спорт түрлері «атан жарыс», «қамшыгерлік сайыс» секілді спорт түрлері елге таныс емес, бұқара халық олар туралы білмейді деуге де болады», - дейді депутат.
Оның пайымынша, қазақтың ұлттық спорт түрлерінің бәрі, жастардың дене қуатының артып, рухани нығаюына әсер етеді. Адамды жігерлілікке баулиды, төл тарихына, қазақ халқының салт-дәстүріне құрметін туғызады. Бұл жағдай әсіресе, қазіргі жаппай жаһандану кезінде оның мәнін одан әрі арттыра түседі.
«Өкінішке қарай, қазіргі күні ұлттық спорт түрлерін дамытуға мемлекет тарапынан жеткілікті дәрежеде назар аударылмай келе жатқанын да айта кетуміз керек. Оның бірқатар себептері де бар. Атап айтсақ, материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, оқыту бағдарламаларының, оқу-әдістемелік материалдарының аздығы және жаттықтырушылардың, төрешілердің және басқа да қызметкерлерінің, яғни кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды даярлау жүйесінің төмендігі бұған тұсау. Қазіргі күні біздің елімізде ұлттық спорт түрлері бойынша мамандар, төрешілер даярлайтын оқу орны да, факультет те жоқ, сондықтан да осы саладағы кадр мәселесі өте өткір тұр. Осы себептерге байланысты ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін арнайы заң қабылдауымыз қажет деп ойлаймыз», - дейді Ж. Ахметбеков. Осы ретте депутат бюджеттен ұлттық спорт түрлеріне бөлінетін қаражат көздерін 2012 жылға 3 пайызға көтеріп, 2017 жылға 20 пайызға дейін арттыру қажеттігін атап өтті.