Нағыз көшбасшы болу үшін тек қана талантты болу аз, негізінен халықтың сенімі қажет - ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Нағыз көшбасшы болу үшін тек қана талантты болу аз, негізінен халықтың сенімі қажет.

Нағыз көшбасшы болу үшін тек қана талантты болу аз, негізінен халықтың сенімі қажет - ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары

Бұл пікірді ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында өткен «Отбасында, мектепте және басқа әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттерді қалыптасыру» пікірталас сабағы барысында аталған мекеме директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова білдірді.

Бүгінгі пікірталастың аяқ астынан туындамағанын атап өткен оның сөзіне қарағанда, мұражай 2009 жылдан бастап отбасында, мектепте және әртүрлі институттарда лидерлік қасиеттердің қалыптасуын тірек еткен ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында Елбасының кіші отанына жасалған ғылыми-зерттеу іс-сапарын да аяқтаған. Сонымен қатар мұражай ғылыми конференциялар, әртүрлі сабақтар, кездесулер, пікірсайыстардың тұрақты өтіп тұруына да мұрындық болып келеді.

«Нағыз көшбасшы болу үшін тек қана талантты болу аз, негізінен халқының сенімі қажет. Сондықтан қазіргі жасөспірімдеріміздің өз саласының, мекемесінің, қатарының лидері, тұлғасы болуға лайықты қасиеттерін қалыптастыру үшін осындай шараларға тартып отырамыз.

Шараға «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері де қатысуда. Олар ел жастарының әскери болашағы. Сондықтан жастар патриоттыққа, отансүйгіштікке сана-сезімін тәрбиелемей тәуелсіздігімізді, осы күнге дейінгі еліміздің жетістіктерін және өзінің жарқын жолды болашағына сенім білдіре алмайды», деді Б.Қайыпова.

Тұлғаның лидерлік қасиеттерінің дамуына ықпал ететін факторларды анықтаумақсатында өткен пікірталас сабағы барысында тараптар лидер болу туа біте ме, әлде тәжірибе арқасында қалыптаса ма деген сауалға жауап іздеуге тырысты. Жалпы оның қорытындысы бойынша нақты пікірге келу қиын. Дегенмен әр азамат өз саласында көшбасшысы болуы не болмаса білікті маманы болуы табиғи талантпен қатар зор еңбектің, зейіннің, ынтаның арқасында ғана қол жеткізетіндігі анық.

Аталған шараға «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері, №51 орта мектеп оқушылары, елорда мектептерінің тарих пәнінің ұстаздары, Білім басқармасының, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты.