«Нағыз Көшбасшы қазіргі Президент - Нұрсұлтан Назарбаев» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Нағыз Көшбасшы қазіргі Президент - Нұрсұлтан Назарбаев» - республикалық басылымдарға шолу

***

Күні кеше елімізде өткен кезектен тыс президенттік сайлауда айқын жеңіске жеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халық­ара­лық ұйым­дар­дың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне бай­ла­нысты құттықтаулар келіп түсуде. Солардың бірпарасы бүгін ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Ықыласты құттықтаулар, ізгі тілектер» деген тақырыппен берілген. Мәселен, Үндістан Республикасының Премьер-министрі Манмохан Сингх өз құттықауында: «Сіздің көреген бас­шы­лығыңыз Қазақстанға өркендеу мен бейбітшілік алып келді. Сіздің қайта сайлануыңыз Қазақстан халқының сенімін білдіру болып табылады. Сізге алдағы жылдары да табыстар тілеймін», - деп ағынан жарылған. Ал Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің құттықтау мәтінінде былай делінген: «Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, Сайлау тыныш және еркін жағдайда өтті. Мен бұған өте қуа­ны­ш­тымын. Қазақстан хал­қы ең лауазымды қыз­метке Сізді сайлау арқылы Сізге деген сенімін тағы да қуаттады».

Осы басылымда Қазақстанның ғылыми қауымдастығының президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі жарияланды. Онда: «Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің болып өткен сайлауы адам­дар­дың Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Н.­Ә.Назар­баев­тың тұл­ғасына деген құр­­меті мен сенімінің тағы бір кезекті айғағына айналды. Қазақстанның табыста­ры Мемлекет басшысының есімімен тығыз байла­ныс­ты. Оның стратегиялық болжамының, сындарлы да ойлас­ты­рылған саясаты­ның арқасында 20 жыл ішінде көптеген көрсеткіштер бойынша Орталық Азияда көш бастаған жаңа, экономикалық дамыған мемлекет құрылды», - делінген.

***

«Айқын» газетінің «Мінбер» айдарында ТМД атқару комитетінің төрағасы - атқарушы хатшысы, ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедевпен арадағы сұхбат «Нағыз Көшбасшы қазіргі Президент - Нұрсұлтан Назарбаев» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Бізді, Қазақстанның достарын сайлаудың бірқалыпты, сабырлы өткені қуантады. Ұйымдастырушылар, шынымен-ақ, сайлауды мерекеге айналдырған екен. Біз сайлау учаскелерінде сайлау барысында немесе сайлау соңында қандай да бір дүрдараздық боп жатқанын байқаған жоқпыз. Мұндай келеңсіздікті біздің байқаушылар да, Батыс байқаушылары да тіркеген жоқ. Бұл сайлаудың жақсы ұйымдастырылғанын байқатады», - дейді.

Енді бірер жылдан кейін трансплантациялық ота жасату үшін шекара асудың қажеті болмай қалады. Өйткені ондай оталарды отандық дәрігерлердің өзі жасай бастамақ. Осы мақсатта «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ шетел медицинасындағы үздік мамандардың шеберлік сабақтарын өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Күні кеше ғана Франкфурт госпиталінің бір топ дәрігерлері холдинг дәрігерлеріне арқа майына ортопедиялық ота жасаудың заманауи түрі жөнінде шеберлік сабағын өткізді. Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің сәрсенбілік санындағы «Отаның бәрі Отанымызда жасалады» деген мақалаға назар салыңыз.

***

«Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысын жинап, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысында Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының сайланған Президенті деп тану туралы қаулы қабылданды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, тізімге енгізілген 9 миллион 200 мың 298 сайлаушының 8 миллион 279 мың 676-ы өз таңдауын жасаған. Осы дауыстардың қай кандидатқа қанша берілгендігін білгіңіз келсе, «Н.Назарбаевты сайланған Президент деп тану туралы қаулы қабылданды» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

«Қазгидромет» -болжамыңды тура ет...». «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, күніне мың құбылатын ауа райын дәл болжап, нақты көрсеткіштер шығару - бүгінгі күнге ауадай қажет қызметтердің бірі. Себебі, нақты болжамдардың болмауы кесірінен шығынға белшесінен батқан мемлекеттерді білеміз. Ал жаңа жабдықпен жарақталған гидромет орталықтарының жөні басқа. «Кеше «Қазгидромет» орталығы жаңғырудың бір баспалдағын секірді десек те болады. Қазақстандағы БҰҰ-ның даму бағдарламасы аталмыш орталыққа ауа райының өзгеруін болжау және үлгілеуге арналған жаңа жабдықты табыс етті», - деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Виктор Януковичпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Виктор Янукович Нұрсұлтан Назар­­баевты президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы Украина Президентіне құттық­тауы мен шын ниетті тілегі үшін разылығын білдірді.