Нақты секторға бөлінетін қаржы 10 триллион теңгеге дейін жетуі тиіс – Президент

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемі, 8 триллион теңгеге дейін жеткізіледі. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

доллар, экономика
Коллаж: Kazinform

- Біз Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқындаймыз. Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі, - деді Президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

- Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірін айтты.