Нақты 100 мың теңгеге дейін табысы бар отбасы үшін тұрғын үй сатып алу үлкен проблема - С. Нокин

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Нақты 100 мың теңгеге дейін табысы бар отбасы үшін өз бетімен тұрғын үй сатып алу үлкен проблема.
None
None

 Парламентте  «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті.

«Бүгінгі күні халықтың негізгі тобы үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым мәселелері болып отыр. Осыған орай, «Қолжетімді баспана» бағдарламасының жобасын әзірлеген кезде жұмыс тобы халықтың сатып алу сұранысының, жалақының және тұрғын үй бағасының параметрлерін анықтады», - деді агенттік басшысы. Оның айтуынша, мысал ретінде 4 адамнан тұратын, соның ішінде екеуі жұмыс істейтін және айына 106 мың теңге нақты табыс табатын орташа статистикалық отбасы қарастырылған. «Осы отбасының шығыстары 64 мың теңге сомасында, бір адамға айына 16 мың теңгеден тиеді. Ал пәтер сатып алу үшін бос лимит 42 мың теңге (106 - 64 = 42). Алаңы 40 шаршы метр пәтерге айсайынғы төлем ипотекалық қарыз (15 жыл мерзімге, 12% жылдық ставка) бойынша: жаңа үйде - 86 мың теңге, бұл 42 мың теңге деген қолжетімді лимиттен 2 есе артық. Осындай шартпен қайталама нарықта - 63 мың теңге құраса, бұл лимиттен 1,5 есе артық. Сонымен, айына нақты 100 мың теңгеге дейін табысы бар отбасы үшін өз бетімен тұрғын үй сатып алу үлкен проблема болып отыр. Бұл халықтың экономикалық жағынан белсенді 8 миллион адамның 6 миллионын құрайды», - деді С. Нокин. Оның айтуынша, сондықтан да халықтың осы аталған тобын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау және шаралар қабылдау Үкіметтің таяу арадағы негізгі міндеттеріне жатады.

Соңғы жаңалықтар