Нақты өмірде әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілері құқық қорғау органдарына белгілі деңгейден едәуір жоғары
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нақты өмірде әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілері құқық қорғау органдарына белгілі деңгейден едәуір жоғары. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептеулер жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтбаева айтты.
«Республиканың барлық ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы мамандандырылған бөлімшелер жұмыс істейді. Оларға өткен жылы 31430 әйел келіп, көмекке жүгінген. Мұндай органдар ТМД елдерінің басқа мемлекеттерінде жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, өткен жылы ғана полиция қызметкерлері 63 мыңнан астам жәбір көргендерді қорғауға бағытталған ұйғарым шығарған. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын, яғни, 2010 жылы не бәрі сегіз мың ғана ұйғарым шығарылған еді.
«Сотпен бес мыңнан астам құқық бұзушының тәртібіне қатысты ерекше талаптар қойылған. Ал бес жыл бұрын адамдардың тәртібіне қатысты ерекше талап бар болғаны 260 құқық бұзушылыққа ғана қатысты қойылған еді», - деді
С.Айтбаеваның сөзіне қарағанда, 2009 жылы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 887 қылмыс тіркелсе, 2010 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 621 қылмысқа дейін төмендеген.
«Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасырын сипатты болады. Демек, нақты өмірдегі зорлық-зомбылық фактілері құқық қорғау органдары мен қоғамға белгілі деңгейден едәуір көп», - деді ол.