15:35, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Нақтыланған мәліметтер бойынша, Газа секторында бүгінгі күні Қазақстанның 15 әйел азаматы бар - ҚР СІМ
АСТАНА. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Нақтыланған соңғы мәліметтер бойынша, израиль-палестин қақтығысы орын алып отырған Газа секторында бүгінгі күні Қазақстанның 15 әйел азаматы бар. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қазіргі таңда олардың барлығымен байланыс орнатылған. «Бұған дейін атап көрсеткеніміздей, Газа секторынан Қазақстанның 2 әйел азаматы 5 баласымен эвакуацияланды. Бастапқыда көшуге ниет білдірген қазақстандықтардың саны 4, одан кейін 7 адам болды. Алайда соңғы сәтте олар отбасылық жағдайларын айтып, эвакуацияланудан бас тартты. Көшіру мәселесі ерікті іс», деді І. Омаров.
Оның айтуынша, эвакуацияланып, Мәскеуге жеткізілген қазақстандық 2 әйел азаматтың бірі қазір Астрахандағы туыстарына кетсе, екіншісі Алматыға аттанған. «Тағы да қайталап айтамын: егер біздің азаматтар ниет білдірген жағдайда біз оларды эвакуациялау мәселесін пысықтайтын боламыз», деді еліміздің сыртқы саяси ведомствосының өкілі. Оның айтуынша, Газа секторындағы Қазақстанның азаматтары кезінде еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген Палестина азаматтарына тұрмысқа шығып, 90-шы жылдарда шет елге кеткендер.