Нан бағасын нарық реттейтін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жылдан бастап әлеуметтік нанның бағасын нарық реттейтін болады. Бұған дейін нан бағасын Үкімет бақылауда ұстаған еді. Бірақ нарықтың талабы, қазіргі қаржылық жағдай нан бағасының да еркін айналымға түскенін дұрыс деп санайды.

Нан бағасын нарық реттейтін болады

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда нанның бағасы қымбаттаған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі өзгеретін болады. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2015 жылдың 1 қазанындағы ақпаратқа сәйкес, АӘК-ті табысы кедейлік шегінен төмен 34,7 мың азамат алып отыр, АӘК-тің бір адамға шаққандағы көлемі орта есеппен 2407 теңгені құрайды. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда АӘК алушылардың саны 32,2 пайызға қысқарған, сәйкесінше, АӘК-тің жалпы төлем көлемі 967,6 млн. теңгеден 752,5 млн. теңгеге дейін азайған, деп жазады «Егемен Қазақстан».

Сол себепті 2016 жылдан бас¬тап нан бағасын нарық реттейтін болған жағдайда, әлеуметтік аз қамтылғандарға әлеуметтік нанды сатып алуға арналған арнайы өтемақы берілмек. Оған қанша қаржы жұмсалатыны да есептеліпті. Құзырлы органдардың мәліметінше, әлеуметтік жағдайы төмендерге нан сатып алу үшін бөлінетін қаржы 2 млрд. теңгені құрап отыр. Ал бұл нан бағасын ұстап отыру үшін кеткен 17 млрд. теңгеден әлдеқайда аз екені анық.

Жалпы, нан өнімдерін субсидиялауды тоқтату аяқ астынан шығарылған, «естен тандырар» жаңалық емес. Оған Үкімет тарапы баяу қысқартумен, біртіндеп келіп отыр. Мәселен, 2008 жылы бидайдың тоннасы 42 мың теңге кезінде 600 грамм салмағымен бірінші сұрыпты ұннан жасалған нанның өзіндік құны 47 теңге болатын. 2015 жылдың қазанынан бастап, нанды субсидиялау көлемі тағы 2,5 мың теңгеге қысқартылды. Ал 2016 жылдың қаңтар айынан бастап Экономиканы жаңғырту мәселелері бойынша мемлекеттік комиссиясы бұл категорияны нарықтық жағдайға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Нан бағасын нарыққа беру туралы мәселе қоғамда талқыланып жатқандығына орай, кеше Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров астанадағы нан өндірісінде өзіндік орны бар бірден-бір кәсіпорын «Астаналық нан» ЖШС-да журналистермен жолығып, мәселенің мән-жайын түсіндірді.

«Сіздер бұл бағдарламаны жақсы білесіздер. Бағдарлама 2009 жылы басталып, осы күнге дейін жалғасуда. Алғашқы сәтте астықты қайта өңдейтін кәсіпорындар үшін астық нарықтан төмен бағамен мемлекеттік қордан бөлініп келді. Одан кейін барынша нарықтық әдіске көшу қажеттілігі туындағаннан кейін 2013 жылдан бастап астықты қайта өңдейтін кәсіпорындар сатып алатын астық құнын субсидиялау қолға алынды. Мәселен, астықты қайта өңдейтін кәсіпорындар ас-тықты нарықтан белгілі бір сомаға сатып алады. Ал айырмасы белгілі бір бағаға дейін мемлекет есебінен субсидияланды. Бастапқы сәтте субси¬дия көлемі астықтың 1 тоннасы¬на 18 мың теңгені құрады. Ал ағымдағы жылдың қаңтарынан ол 14 мың теңгені құрады», - деді вице-министр.

Вице-министрдің атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдар мен наубайханаларға тоқсан сайын бөлке бағасын 1,4 теңгеге қымбаттатуға мүмкіндік берілген.

«Бастапқыда субсидия көлемі тоннасына 18 мың теңгені құраса, ағымдағы жылдың қаңтар айында оның көлемі 5 мың теңгеге дейін түсті. Ал бұл ретте нан бағасы өзгеріссіз қалды. Жалпы, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы 11,5 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұған дейін жыл сайын шамамен 6-7 млрд. теңге бөлініп келген. Ағымдағы жылы сома үлкен. Себебі бұған дейін бағдарлама 4-5 ай көлемінде жүзеге асырылса, ал биыл бағдарлама 9 айға созылды», - деді С.Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, осы себепті мемлекеттік комиссия алдағы жылдан нан бағасын субсидиялаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Себебі, әлеуметтік нанды бай да, кедей де сатып алады. Ендігі уақытта әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек тетігі енгізілмек. Бұл шара мемлекет қаражатын біраз үнемдеуге де мүмкіндік береді.

«Барлық наубайханаларға нан бағасын көтеруге мүмкіндік берілді. Бірақ көптеген облыстар бұл мүмкіншіліктерін пайдаланған жоқ. Сондықтан да, оларға 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жергілікті бюджет қаржысы есебінен нан бағасын реттеуге мүмкіндік беріледі», деді ол.

«Астаналық нан» кәсіпорнының директоры Абдрахым Төлендиев те бұл мәселенің өте орынды екенін, нан бағасын көтеру кәсіпкерлікке көмектесіп қана қоймай, ас атасының қадір-қасиетін түсінуге де септігін тигізетінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде нан бағасының арзан болуы салдарынан қаншама кәсіпорындардың өндірісі тұралап, кейбіреулер тіпті, жабылуға мәжбүр болған. Сондай-ақ ол бүгінде бір күнде бір адам бір бөлке нан жемейтінін, ал оның бағасын отбасына шыққанда қалтаға соншалық ауыр тимейтінін алға тартты. Кәсіпкер алдағы уақытта нан бағасы ұн бағасына орай қойылатынын жеткізді.