Нанкин-2014:Болашақ жұлдыздарымыздың жолын ашқан Олимпиада

Бұл жетістік - жерлестеріміздің жасөспірімдер арасындағы Жазғы Олимпиада ойындарындағы жаңа көрсеткіші. Олай дейтініміз бұл төрт жыл бұрын болған көрсеткішке қарағанда, екі медальға артық. 2010 жылы тұңғыш рет Сингапур¬де өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы алты медаль (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) олжалап, жалпы командалық есепте 24- орынға тұрақтаған еді. Осыған дейін хабарлағанымыздай Нанкинде жарыстың алғашқы күні дзюдодан 55 келі салмақта ел намысын қорғаған саңлағымыз Бауыржан Жауынтаев Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салған болатын. Ал екінші бас жүлдені алтын жұдырықты бауырымыз Абылайхан Жүсіпов жеңіп алды. 60 келіде финалға дейін сүрінбей жеткен жерлесіміз шешуші сында да шын шебер екенін дәлелдеді. Жүсіпов финалда кубалық Алаин Лимонтамен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші раундтан бастап шабуылда өнер көрсету жүйесін ұстанған жерлесіміз белсенді қимылдады. Қарсыласына соққылары дөп тидіре білді. Алайда екінші раундта кубалық боксшы да осал емес екенін танытты. Қатарынан сілтеген бірнеше соққысы қарсылас еншісіне ұпай жазды. Үшінші раундта қорғанысты да баса назарға алып, ұрымтал тұсын күткен Абылайхан қарсыласынан айласын асырып кетті. Естеріңізге сала кетейік, Абылайханға жасөспірімдер арасындағы ІІ Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын ұстап шығуды сеніп тапсырылған болатын. Міне, жас боксшымыз сол арқалап барған үмітті ақтап, қасқайып туымызды көтеріп шығып, Аспан асты елінде әнұранымызды әуелете шырқатып қайтты. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген үшінші жерлесіміз -еркін күрестен ел намысын қорғаған Мұхамбет Қуатбек. Ол 54 келі салмақта бақ сынап, өзінің теңдессіз мықтылығын әлем алдында паш етті. Финалда Мұхамбет америкалық Датон Фиксті жеңді. Алғашқы минуттардан айласын асыруға тырысқан ол бірінші кезеңде алты ұпайға ие болды. Америкалық спортшы да ұпай айырмасын қысқартуға ұмтылды. Алайда, қазақтың қайсар ұлына шамасы жетпеді. Осылайша Мұхамбет Қуатбек Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлдені сыйлады. Қазақстан қоржынына түскен жалғыз күміс жүлдені 81 келіде жұдырықтасқан отандасымыз Вадим Казаков жеңіп алды. Ол ширек финалда норвегиялық Вегар Трегенді аямай соққының астына алды. Кездесу барысында Казаковтың қарсыласының қабағы жарылып, бірнеше рет дәрігерлер көмегіне жүгінді. Ал Нарек Манасянмен өткен жартылай финалдық кездесу Казаков үшін қиын болды. Дегенмен, аса тартысты өткен матч біздің жігіттің пайдасына шешілді. Есеп: - 2:1. Бірақ Вадим Казаков финалда болгариялық қарсыласы Благо Найдановтан ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Осылайша, Қазақстан боксшылары Нанкиннен бір алтын, бір күміс алды. Енді қоржынымызға қола медаль салған саңлақтарымызға тоқталып өтсек. Алғашқы қола медальға 77 келі салмақта сынға түскен ауыр атлетшіміз Жасұлан Қалиев қол жеткізді. Ол жұлқа көтеруде үш мүмкіндігін де пайдаланып, 139 келіні бағындырды. Ал серпе көтеруде де үш мүмкіндігін мүлт жібермей, 171 келіні еркін бағындырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 310 келіні көтерген қазақ спортшысы үшінші орынға табан тіреді. Алтынды армениялық Накоб Мкртчян (319 кг), күмісті үндістандық Рахул Рагала (316 кг) иеленді. Жерлесіміз чемпионнан 9 келі кем көтерді. Екінші қола медальға ауыр атлетикадан сынға түскен аруларымыздың бірі қол жеткізді. Оған 63 келіде бақ сынаған Татьяна Капустина ие болды. Капустина қоссайыс қорытындысы бойынша 228 (жұлқа көтеруде - 105, серпе көтеруде - 123) келіні бағындырды. Күміс алған ресейлік Светлана Чербакова да 128 келіні көтерген. Бірақ оның салмағы Капустинадан аз болып, күміс медаль ресейіліктің қанжығасына байланды. Алтынды 244 келіні еркін көтерген таиландтық Чаиди Дуангансорн иеленді. Сондай-ақ, зілтеміршілеріміз арасынан 69 келіде бақ сынаған Макеев жүлделі орынға бір табан жетпей қалғанын да айта кетуіміз керек. Ол қола жүлдені иеленуге барынша талпынып көрді. Жұлқа көтеруден 125 келіні бағындырса, серпе көтеруден 153 келіні бағындырып, 4-орынға табан тіреді . Сонымен қатар ауыр атлетикадан сынға түскен аруларымыздан 58 келіде сынға түскен Алтынай Дәмен де жүлделі орынға бір табан жақындап, қарсыластарына есе жіберіп алды. Оның көрсеткіші 5- орын. Үшінші қола жүлдені ел қоржынына грек-рим күресінен сынға түскен Евгений Поливадов салды. 69 келіде белдескен балуанымыз египеттік және өзбекстандық қарсыластарын алып ұрып, жартылай финалда әзербайжандық Исламбек Дадовқа есе жіберіп алды. Қола жүлде үшін өткен тартыста Евгений Германиядан келген Карен Мосебахтан басым түсті. Нәтижесінде отандасымыз 3- қола жүлдені иеленді. Ал 58 келіде бақ сынаған Райымбек Құрманғали бесінші орынды иеленді. Төртінші қола жүлдеге, жарыстың соңғы күні өнер көрсеткен гимнасшы бүлдіршін қыздарымыз қол жеткізді. Олар жарыстың топтық жаттығуларында үшінші орынға ие болды. Қыздарымыздың көрсеткіші - 25,050 ұпай. Айта кетейік, іріктеу кезінде еліміздің гимнасшы қыздары төртінші орында болған. Алайда финалда олар Өзбекстан, Канада, Египет құрамасын басып озып, қола жүлдені жұлып алды. Әмина Қожахмет, Әлия Молдахметова, Виктория Гуслякова, Дарья Медведева және Нұрай Құмарова бастаған бүлдіршін қыздарымыз төртінші қола медальді жеңіп алып, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада тарихында алғаш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сайыстың бұл түрінен бірінші орында - Ресей, екінші орынды Болгария қыздары иеленді. Міне, осылайша Қазақстан құрамасы Нанкиндегі олимпиадада үш алтын, бір күміс, төрт қола медаль иеленіп, жалпы есепте 21-орынға табан тіреді. Бүгін Нанкинде жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарын жабылу салтанаты өтеді. Естеріңізге сала кетейік, жалпы, Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында 14 пен 18 жас арасындағы 3800 жасөспірім спортшы бағын сынады. Негізінен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында жекелей сындағы спорт түрлерінде әр елге бес жолдамадан артық берілмейді. Аталмыш додада еліміздің намысын 21 спорт түрінен 51 спортшы қорғады. Ал 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы І жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің атынан 47 спортшы барып, 20 спорт түрінен сынға түскен болатын. Қазақстан спортшылары өнер көрсеткен спорт түрлері мен жолдамалар саны төмендегідей: Бокс - 4 жолдама (4 мүмкіндіктен); Күрес түрлері - 4 жолдама (5 мүмкіндіктен);Ауыр атлетика - 4 жолдама (мүмкіндіктен); Жүзу спорты - 3 жолдама; Велоспорт - 2 жолдама; Қазіргі бессайыс - 2 жолдама; Үстел теннисі - 2 жолдама; Садақ тарту - 1 жолдама; Нысана көздеу - 1 жолдама;
Ең көп медаль жинаған мемлекеттер:
Орны
Елдер
Алтын
Күміс
Қола
барлығы
1
Қытай
38
13
14
65
2
Ресей
27
19
11
57
3
АҚШ
10
5
7
22
4
Франция
8
3
9
20
5
Жапония
7
9
5
21
6
Украина
7
8
8
23
7
Италия
7
8
6
21
8
Венгрия
6
6
11
23
9
Бразилия
6
6
1
13
10
Әзірбайжан
5
6
1
12
11
Ұлыбритания
5
5
10
20
12
Польша
5
0
1
6
13
О. Корея
4
6
5
15
14
Аустралия
4
3
14
21
15
Беларусь
4
3
0
7
16
Таипей
3
3
2
8
16
Эфиопия
3
3
2
8
18
Литва
3
2
2
7
19
Таиланд
3
2
3
8
20
С. Корея
3
2
0
5
21
Қазақстан
3
1
4
8
Күнсұлтан ОТАРБАЙ