Наразылыққа қарамастан, Барак Обама Далай ламамен кездесті

БЕЙЖІҢ. 18 шілде. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Сенбі, 16 шілде күні Ақ үйде АҚШ Президенті Барак Обаманың Далай ламамен кездесуі болды.

Наразылыққа қарамастан, Барак Обама Далай ламамен  кездесті

Бұл кездесу Қытай тарабының наразылығына қарамастан өтті. Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ Президенті, Тибетті Қытайдың бөлшегі ретінде қарастыратынын тағы да мәлім етіп, Далай ламаны Бейжіңмен диалог орнатуға шақырды және сонымен қатар «Тибеттің бірегей діни, мәдени және тілдік дәстүрлеріне» қолдау білдірді.

Қытай СІМ ресми өкімі Ма Чжаосюй, Обама мен Далай ламаның кездесуінен кейін, жексенбі, 17 шілде күні мәлімдеме жасап, АҚШ-тың бұл қадамы Қытайдың ішкі істеріне араласу екенін, қытай халқының көңіліне қаяу түсіріп, қытай-американ қатынастарына зиян келтіріп отырғанын айтты.

Бейжің Далай ламаның қызметін «Қытайға қарсылық және сепаратистік» деп санайды және «оны саяси эмигрант» ретінде қарастырады. Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде, Тибет ісінің Қытайдың ішкі проблемасы екені атап көрсетілді.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі американ тарабынан «Қытайдың ішкі ісіне араласуды, Тибеттің тәуелсіздігін қолдап отырған Қытайға қарсы сепаратистік күштерге қолдау көрсетуді тоқтатуды» талап етті.

ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, Қытай өкіметі АҚШ Президенті Барак Обаманың Далай ламамен кездеспеуін талап еткен еді. Естеріңізге сала кетейік, Далай лама 1959 жылдан бері Үндістанда қуғанда жүр. Далай ламаның өз мәлімдемесі бойынша, ол Тибеттің Қытайдан тәуелсіздігін емес, оның кең автономиялығын мақсат етеді.