Нарендра Моди Үндістанда билікті қолға алуға әзірленуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістан премьер-министрі болып сайланған Нарендра Моди өзінің жеңісін діни жоралғылармен және жақтастарының шаттанған кездесулерімен атап өтуде. Оның алдында елеулі экономикалық міндеттер тұр, деп хабарлады Би-Би-Си.
Сенбі күні кеште 63 жастағы саясаткер Ганга өзенінің жағасындағы үнділіктер үшін қасиетті Варанаси қаласында мінәжат етті.
Оның сайлау алдындағы уәделерінің бірі қасиетті өзенді индустриялық қалдықтардан тазарту болатын.
Моди парламенттің төменгі палатасына Варанасидан сайланған болатын, сондықтан да өзінің туған округіне ат басын бұруға асықты. Сонымен бірге байқаушылар оның діни сенімі күшті екенін атап өтуде.
Түске дейін ол өзінің жеңісін ел астанасы Делиде тойлады, онда Модиді рок-жұлдыз сияқты қарсылады, деп хабарлады Би-Би-Си тілшісі Санджай Махумдер.
Моди басқаратын Бхатария джаната партиясының штаб-пәтеріне барар жолда көше бойы жиналған адамдар оның есімін ұрандап, жалаулар бұлғап, оның кортежін гүлдермен көміп тастады.
Қауіпсіздікті полициямен қатар армия сарбаздары да қамтамасыз етті.
Келесі аптада Нарендра Моди лауазымына кіріспек. Оның алдындағы үкімет басшысы, сайлауда жеңіліс тапқан Үндістан ұлттық конгресінің өкілі Манмохан Сингх ресми түрде қызметінен кетті.
Бхатария джаната партиясы соңғы 30 жылда Үндістанда айқын басымдылықпен жеңіске жетті, енді ол ешкіммен коалицияға түспей-ақ үкіметті қалыптастыра алады.
«Үндістан халқына басымды иеміән», - деп мәлімдеді Моди Делиде.