Нәрестелердің несібесін жеп, күн көріп жүрген дәрігерлер де бар - Бас прокуратура
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Азаматтардың кепілдендірілген тегін медициналық көмек алу жөніндегі конституциялық құқықтары дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету барысында да бұзылуда. Бұл келеңсіз жағдай туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, Қостанай облысының дәрігерлері жаңа туылған нәрестелерді мешел дертінен сақтандыратын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етпеген. Балалардың несібесінен күн көруге дағдыланған аймақ дәрігерлері осындай әрекеттерге 589
рет жол берген. Осы облыстағы бірқатар аудандардың дәрігерлері кәмелетке толмағандарды емдеу кезінде тегін берілуі тиіс медициналық препараттармен қамтамасыз етпеген. Бұнысымен қоймай олар, жасөспірімдерді тегін демалыс алуға мүмкіндік беретін тиісті құжаттарды да рәсімдемеген. Осының салдарынан балалардың ата-аналары аталған қажеттіліктерге керекті қаржыны өз қалталарынан шығарып жүрген. Заң бұзудың мұндай көріністері Ақмола, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталған. Ал республика бойынша олардың саны 1 мың 752-ні құрап отыр.