Нәрестелердің шетінеуі мен ана өлімі көрсеткіштері жағынан Қазақстан Орталық Азиядағы өзге елдердің соңында- Ерболат Мұсабеков
АЛМАТЫ. 7 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан нәрестелердің шетінеуі жағынан 2007 жылғы көрсеткішке қайта жақындап келе жатыр. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан "Орталық Азиядағы өлім-жітім" деп аталатын халықаралық семинарда айтылды.
" Қазақстан 2008 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша, балалардың туған кездегі тіркелуі бойынша өлешемін толық қабылдады. Сол кезде 2007 жылға қарағанда бір жылда нәрестелердің шетінеуі 1,5 есе өскені байқалған еді. Біз 2007 жылғы деңгейге бұл көрсеткіш бойынша енді ғана қайта жақындап келе жатырмыз", - дейді ҚР Статистистика агенттігінің Әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті директорының орынбасары Ерболат Мұсабеков.
Оның айтуынша, Қазақстан қазір нәрестелердің шетінеуі мен ана өлімі жағынан Орталық Азияның өзге елдерінің соңында. Мәселен, ана өлімі 100 мың тірі туған балаға 100-ге дейін жеткен кездер болды. Қазақстан нәрестелердің туғаннан кейінгі өміршеңдігі бойынша алдыңғы орында келеді. БҰҰ халықтың қоныстануы қорының субаймақтық кеңсесінің директоры Николай Ботевтің айтуынша, Орталық Азиядағы өзге елдерде статистикалық қызмет әлі аса жоғары деңгейде емес. Қазақстан бұл салада өзгелерден көш ілгері келе жатыр.