Нариман Курбанов Олимпиада жолдамасын алуға бір қадам жақындады
АСТАНА. KAZINFORM – Қатар астанасы Доха қаласында спорттық гимнастикадан өтіп жатқан әлем кубогінің соңғы кезеңінде 4 қазақстандық гимнаст финалға шықты.
ҚР Спортты дамыту дирекциясы мәлім еткендей, гимнастикалық ат снарядында Нариман Курбанов алғашқы іріктеулерден екінші орын алып, финалға өтті. Ол 15.033 ұпай жинаған.
Ал Милад Карим мен Дмитрий Патанин еркін жаттығу сынында финалға шықты. Карим іріктеуді бірінші, Патанин үшінші орынмен аяқтаған.
Әйелдер арасында Аида Бауыржанова көзге түсті. Ол қол тіреп секіруден финалға жолдама алған сегіз спортшының қатарына енді.
Айта кетелік, Дохадағы әлем кубогі кезеңінде Нариман Курбановтың Париж Олимпиадасына жолдама алу мүмкіндігі мол. Оған төртжылдық додасына бару үшін Катар төрінде үздік үштіктен көріну керек. Оның жолдама жолындағы басты қарсыласы - тайпейлік Ли Чи Кай.
Ал Милад Карими лицензия мәселесін былтырғы әлем чемпионатында шешіп қойған болатын.
Дохадағы әлем кубогі кезеңінде ерлерден 12, әйелдерден 8 спортшы Париж Олимпиадасына жолдама алады.
Естеріңізге сала кетейік, кеша ғана қазақстандық бадминтоншы Дмитрий Панарин ел қоржынына Париж Олимпиадасының 33-ші лицензиясын сыйлаған болатын.
Дохадағы әлем кубогі кезеңіне сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасы:
- Милад Карими;
- Дмитрий Патанин;
- Диас Тойшыбек;
- Нариман Курбанов;
- Аида Бауыржанова;
- Дарья Ясинская.
Турнир 17-20 сәуір аралығында өтеді.