Нарынның құмынан шығып, осынау қазақ сияқты елді өзіне бағындырған Фариза армансыз өтті - депутат О.Асанғазы

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - «Фариза мәңгі қазақтың жүрегінде, қазақ қанша мәңгі жасаса, қазақтың Фаризасы да мәңгі жасайды. Сол кісімен дастархандас болғаныма, сіңлісі болғаныма бақыттымын», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Нарынның құмынан шығып, осынау қазақ сияқты елді өзіне бағындырған Фариза армансыз өтті - депутат О.Асанғазы

«Өмірден бар қазақтың бауыры, қазақ қыздарының апасы, Фариза қыз өтті. Фариза апам өзі жырлағанындай, «Әйел тек ерлік тағдыр кешеді, жар салып, жарияламай ерлік жасайды» дейді.

«Биік тұрған бір күш бар.

Дидарына жер де құштар, күн құштар.

Ол - нәзіктік, мәңгі шуақ, нұры құт.

Сарқылмайтын жылылық.

Ол - тірліктің қуаты, Әйел атты ұлылық», - дейді. Әйел ретінде, қыз ретінде, ана ретінде бар қазақты бауырым деген. Қай жерде, кімнің қиналған шағы болса, ол Қазақстанның қай шетінен болмасын, соған қол ұшын беріп, соны ең болмаса өзінің сөзімен, жырымен демеу беріп жүрген адам. Әсіресе, бүкіл қазақ біледі, Асанбай Асқаровтың, Шәмші Көпбайұлының бастарына іс түскен кезде қылышын қолына алып, сол бауырларына бір жан жылуын берді. Осынысымен есте қалды. Жалпы Нарынның құмынан шығып, қазақтың биігіне көтерілген, ешкімге теңдесі жоқ, өзінше ерекше, ешкімге ұқсамайтын мінезімен, шыншылдығыменен, адалдығыменен есте қалды. Ол кісінің әрбір сөзіне, тіпті кез келген сөйлеген сөзінде сол жиналыстың, айтылатын сөздің барын ақтарып, шындығын Фариза айтатын», - деп еске алады О.Асанғазы.

Тіл жанашыры Оразкүл апамыз, сұхбат барысында өткен өмірге көз тастап, Фариза ақынның ер мінезді қылықтарынан да бір үзік әңгімесін айтып берді.

«Менің есімнен кетпейді, Светлана Жалмағамбетова қызын ұзатты Түркия азаматына. Астанада Салтанат сарайында тойы өтіп жатыр. Бәйгелді, Кекілбаев, Жолдасбеков ағаларымыз «түбі бір түркі халықпыз, бұрыннан ағайын-бауырмыз» деген сөздерді айтып, орындарына отырды. Фариза апамыз болса, өзінің тілегін айтып-айтып алды да: «Ей, Жанар! Егер түріктер саған тиісіп жатса - айт! Қылышымызды сүйретіп барамыз!» - деп намысты бір қайрап жіберді. Енді ол кісі осындай ешкімге ұқсамайтын жалынды сөзімен ерекшеленетін, дер кезінде дөп басатын айтқыштығы таңғалдыратын. Сондай бір керемет адам еді. 1985 жылы «30 пайыз әйелдер билікке келу керек» деген Орталық комитеттің қаулысы шықты. Сонда Қазақстанның барлық өңірінде үшінші хатшылыққа қыздар келдік. Сонда барлық өңірге барып: «Қалдарың қалай, қыздар, сендерге ешкім тиісіп жатқан жоқ па, тыңдамай қойып жатқандар жоқ па?» деп сұрап тұратын. Аймақтарда істеп жүрген болса, облыс басшысына, аудан бастығына істеп жүрген бірінші хатшыларға: «Мынау менің қызым, мынау менің сіңлім, сен қарағың бұған» деп өзінің туған қызын, туған сіңлісіндей тапсырып жүретін», - дейді О.Асанғазы.

Одан бергі естеліктерде депутат О.Асанғазы ол кісінің кемеліне жетіп, Астанада Парламент депутаты ретіндегі қызметі мен ақындығын қатар атқарған тұстарына да аз-кем тоқталды.

«Астана құрылған кезде Парламенттің депутаты ретінде 1997 жылдың 10 желтоқсанында келді. Содан бері апам - астаналық. Астананың әрбір үйіне, әрбір шарасына ол кісі бір азаматтай үлес қосты. Соның 70 жылдығын Тілдер басқармасы өткіздік. Президент орталығында «Фаризаның сіңлілері» деген кеш өтті. Сонда апама жастардың, елордалықтардың деген құмарлығы сол - сыймай қалған жұрт үш сағат түрегеп тұрды. Ешкім кетпеді. Кеш бір үйдің дастархан басындағы отырысындай болды. Ешкім кетпеді, тіпті шаршамады. Ертеңінде Конгресс холл сарайында Фаризаның жеке шығармашылық кеші өтті. Сахна залының іші-сыртын толтырған халық тағы да Фаризасын тіке тұрып тыңдады. Ешкімді жалған жырмен, әшейін шығарыпсалма сөзбен тарта алмайсың. Фариза жырын халық қатты бағалайтыны осыдан байқалады», - деп түйді сөз ол.

«Жалпы кім армансыз дейсің, бірақ мен ойлаймын, сол Нарынның құмынан шығып, осыншама қазақ сияқты елді өзіне бағындырған Фариза армансыз өтті, бақытты қазақтың қызы! Бір адамға лайық өмірден алатын орнын алды да, тыңдатты да. Фариза мәңгі қазақтың жүрегінде, қазақ қанша мәңгі жасаса, қазақтың Фаризасы да мәңгі жасайды. Сол кісімен дастархандас болғаныма, сіңлісі болғаныма бақыттымын!» - дейді депутат.