NASA 30 миллиард долларға Айға база салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — NASA жаппай зымыран сатып алуға көшіп жатыр, ғарыш басқармасы Айда адамдарға қызмет ететін тұрақты база салуды мақсат еткен, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы тілшісі Seeking Alpha сайтына сілтеме жасап.

NASA планирует создать лунную базу стоимостью $30 млрд
Фото: NASA

NASA-ның Айға база салу жөніндегі бағдарламасының менеджері Карлос Гарсия-Галанның айтуынша, агенттік бірнеше тасымалдаушы зымыранды бір уақытта сатып алуды қарастырып жатыр, зымырандардың алғашқы легін сатып алатыны жайлы жақын арада жариялайды. Бұл зымырандар Айда жалпы құны шамамен 30 миллиард долларға жететін ауқымды база салу бағдарламасының бірінші толқыны болмақ.

NASA 2028 жылға қарай әлеуетті орындар мен ресурстарды барлау үшін қону аппараттары мен роверлерді ұшыруды жоспарлап отыр. 2029 жылы логистикалық міндеттеме айтарлықтай күрделене түседі, атап айтқанда Агенттік электр энергиясын өндіру, тіршілік ету ортасын құру және басқа да инфрақұрылым үшін қажетті 60 тоннаға дейін жабдықты тасымалдауды бастайды. 

Агенттік тап болуы мүмкін мәселенің бірі сол, болашақта Falcon 9 және Falcon Heavy зымырандарын сатып алу қиындап кетуі мүмкін. Себебі SpaceX компаниясы бар назарын Starship бағдарламасына аудара бастағандықтан, 2028 жылдан кейін Falcon зымырандарына тапсырысты шектей бастады.

SpaceX өнімдеріне балама нұсқалар ретінде Blue Origin компаниясының New Glenn және United Launch Alliance компаниясының Vulcan зымырандары қарастырылып отыр. Бірақ бұл екі зымыран да кемшіліктен ада емес. New Glenn ұшыру алаңында жарылуына байланысты мамыр айынан бері ғарышқа үшпаған, ал Vulcan жылдамдатқыштағы ақауларға байланысты ақпан айынан бері қаңтарылып тұр. 

Дегенмен, NASA-ның ауқымды Айды зерттеу науқаны басталғанға дейін келесі буын зымырандары нарыққа шығуы мүмкін.

Rocket Lab (RKLB) компаниясы Neutron зымыранын, Relativity Space компаниясы Terran R зымыранын, Firefly Aerospace компаниясы Eclipse зымыранын, ал Stoke Space компаниясы Nova зымыранын әзірлеу үстінде. Алайда, бұл зымырандарды жоғары деңгейге дейін жетілдіруге бірнеше жыл қажет, сондықтан олардың 2029 жылы Айға жорыққа қатысуы екіталай.

NASA Айда ең ірі жаңа кратерді анықтады. 

Марста судың бірнеше рет болғанын дәлелдейтін белгілер табылды.