NASA адамзаттың өміріне қауіп төніп келе жатқанын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар жаһандық жанартаулардың атқылауы астероидтарға қарағанда әлдеқайда зор апаттарға әкеп соқтыратынын ескертіп отыр, деп жазады The Independent.
Алып жанартаулардың атқылауынан Жер бетінде егін өнімділігі күрт қысқарып, миллиондаған адамдардың аштықтан қырылуына, жанартаулық қыстың түсуіне себеп болады. NASA мамандары осындай болжам жасап отыр.
Қазір ұйқыдағы 20 алып жанартаудың бірі атқылағанның өзінде адамзатқа алапат зиян жетеді. Ал ең қауіпті алапат жанартау ретінде ғалымдар АҚШ-тың Вайоминг штатындағы Йеллоустон жанартауын атайды. Бірақ мұндай алып жанартаулардың ешқайсысы жақын жүзжылдықтарда ояна қоймайды.
Басылымның жазуынша, Америка ұлттық ғарыш агенттігі супержанартаулардың қатерін жою бойынша бірнеше жоспар жасап шыққан. Оның мәні күрделі техникалық және технологиялық қимылдар алгоритмінде жатыр. Сондай варианттардың бірі жанартауды «салқындату» үшін үлкен көлемде су бөлу жоспары болуы мүмкін.