NASA «Артемида-III» миссиясына қатысатын астронавттардың есімдерін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — NASA ғарыш агенттігі «Артемида-III» миссиясы аясында Айға қонатын аппараттарды сынау үшін Жер маңайындағы орбитаға ұшатын төрт астронавттың есімін жария етті.
Келесі жылы Рэнди Бресник (экипаж командирі), Лука Пармитано (ұшқыш), Фрэнк Рубио және Андре Дуглас (миссия мамандары) коммерциялық Айға қону аппараттарының екі үлгісін сынақтан өткізу үшін Жер маңайындағы орбитаға аттанады. NASA астронавты Боб Хайнс экипаждың қосалқы мүшесі болып тағайындалды.
«Артемида-III» бағдарламасы аясында NASA-ның SLS (Space Launch System) зымыран-тасығышы «Орион» ғарыш кемесі мен ішіндегі экипажды Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығынан Жер маңайындағы орбитаға шығарады. «Орион» жүйелері тексерілгеннен кейін ғарыш кемесі алғаш рет Blue Origin мен SpaceX әзірлеп жатқан коммерциялық айлық қону аппараттарының сынақ нұсқаларымен жақындасу және түйісу операцияларын орындайды.
Blue Origin компаниясы Blue Moon атты жерден басқарылатын ғарыш кемесінің Айға қонатын нұсқасын әзірлеп жатса, ал SpaceX, Starship атты жерден басқарылатын ай ғарыш кемесін жасап жатыр. Екі компания да «Артемида-III» миссиясына арналған сынақ үлгілерін дайындайды.
Blue Moon және Starship аппараттарымен сәтті түйіскеннен кейін экипаж отырған «Орион» ғарыш кемесі олардан ажырап, Жерге оралады. Экипаж ғарышта шамамен екі апта болады.
Рэнди Бресник үшін бұл үшінші ғарыш сапары болады. Ол 2004 жылы NASA астронавттар құрамына іріктелген. Бресник отставкадағы АҚШ теңіз жаяу әскерінің полковнигі, ол 95 типті ұшақта 7 мың сағаттан астам ұшқан және сынақшы-ұшқыштар қоғамының мүшесі. 2018 жылдан бері ол Астронавттар басқармасы басшысының зерттеу жұмыстары жөніндегі көмекшісі қызметін атқарып, «Артемида» бағдарламасы аясында пайдаланылатын ғарыш кемелері мен жүйелерін әзірлеу және сынау жұмыстарын қадағалап келеді.
Пармитано үшін де «Артемида-III» үшінші ғарыш сапары болмақ. 2019 жылы ол 61-ғарыш экспедициясының командирі болып, Халықаралық ғарыш станциясын басқарған үшінші еуропалық әрі алғашқы италиялық атанды. Италия Әуе күштері академиясының түлегі 2007 жылы сынақшы-ұшқыш атанып, 2019 жылы полковник шенін алған. Оның 40 түрлі әуе кемесінде 2 мың сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар.
Рубио ғарышқа екінші рет ұшады. Бұған дейін 2022 жылы ол Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-22» ғарыш кемесімен ұшып, орбитада 371 күн болып, американдық астронавттар арасында ғарышта болу ұзақтығы бойынша рекорд орнатқан. Рубио 2017 жылы NASA астронавттар корпусына қабылданған. 2010 жылы АҚШ Қарулы күштерінің медициналық ғылымдар университетінде медицина ғылымдарының докторы дәрежесін алған. Ол АҚШ әскерінде ұшқыш, дәрігер және астронавт ретінде 28 жылдан астам уақыт қызмет атқарған.
Дуглас үшін бұл алғашқы ғарыш сапары болмақ. Ол 2021 жылы NASA-ның астронавт болуға үміткерлер құрамына қабылданған және бұған дейін «Артемида-II» миссиясының қосалқы экипаж мүшесі болған. Джонс Хопкинс университетінің Қолданбалы физика зертханасында жұмыс істеген кезде көпмақсатты автономды көлік құралдарын, ғарышты зерттеуге арналған жүйелерді және түрлі суасты әскери платформаларын жобалау және сынаумен айналысқан.
«Артемида» бағдарламасының мақсаты — Айда адамның тұрақты болуын қамтамасыз ету. Биыл NASA Ай бетінде база салуға 20 миллиард АҚШ долларын жұмсауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты «Артемида-2» миссиясының табысты орындалуымен құттықтаған болатын.
Назерке Жұмабек