Нашақорды анықтау үшін тестілеу міндетті емес - ІІМ-нің өкілі

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігі есірткіге қатысы бар азаматтарды анықтау үшін міндетті түрде оларды тестілеуден өткізу қажет деген талап қойып отырған жоқ.

Нашақорды анықтау үшін тестілеу міндетті емес  - ІІМ-нің  өкілі
Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы мұқият тексерілуде. «Денсаулық сақтау министрлігі де әзірге жаппай тестілеудің тиімділігіне қатысты қандай да бір мәлімет берген жоқ. Бұл мәселеге қатысты келтіретін бір ғана мысал бар. 2006 жылы Алматыда 5 мың 330 адам осындай тестілеуден өткен. Оның 0,5 пайызы ғана оң нәтиже берді. Ішкі істер министрлігі сонымен қатар тестілеу шараларының халықаралық нормалар мен еліміздің басты заңының талаптарына толық сәйкес екендігіне де күмән келтіріп отыр. Қазіргі таңда Премьер-Министрдің бастамасымен 2009-2011 жылдарға арналған есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрес бағдарламасын жетілдіру жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы топ жұмысының негізінде қазір Денсаулық сақтау министрлігі жалпыға бірдей тестілеу жұмыстары қаншалықты тиімді деген мәселені сараптауда. Сондықтан тестілеуге байланысты заң жобасы Парламентке жолданыпты. Енді ол қолданысқа міндетті түрде енгізіледі деу орынсыз»,- деді Е.Уәли.