Нашақорлықтың алдын алу: Қырғызстанда студенттер жаппай тексерілетін болды
АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстан билігі жастар арасында нашақорлықтың алдын алу үшін оқушылар мен студенттерді міндетті медициналық тексеруден өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжатта соңғы жылдары елде синтетикалық есірткі мен психотроптық заттарды қолданатын жасөспірімдер санының артқаны айтылған.
Жобаға сәйкес, 9-11 сынып оқушылары оқу жылы ішінде үш рет есірткі мен психотроптық заттарды анықтауға арналған талдаудан өтуі тиіс. Ал колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері оқу орнына мұндай тексеруден өткені туралы анықтама тапсыруы қажет болады.
Сондай-ақ есірткі қолданғаны анықталған азаматтардың арнайы тізімі жасалып, есеп жүргізу ұсынылған.
Жаңа жүйені кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Алғашқы кезең 2026 жылдың 1 қыркүйегінен басталмақ.
Пилоттық жоба ретінде тексерулер оқу орындары көп шоғырланған Бішкек және Ош қалаларында іске қосылады.
Бастама авторлары бұл шаралар жастар арасында есірткінің таралуын азайтып, білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда есірткі өндіретін жасырын зертхананың жұмысы тоқтатылған болатын. Ал 2026 жылдың қаңтарында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан азаматтарынан құралған трансұлттық есірткі тобының қызметі әшкереленген еді.
Камила Тайтөлеу