Нашақорлықпен тиімді күресу үшін барлық мемлекеттік құрылымдар мен қоғам бірлесе әрекет етуі керек
АСТАНА. Қарашаның 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік аграрлық-техникалық университетінде «Біз есірткісіз әлем үшін» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты нашқорлыққа қарсы күресте қазіргі заманғы жаңа тәсілдер мен әдістерді іздестіру болып табылады. Семинарға қатысушылар қазіргі уақытта республикада есірткіге тәуелді азаматтардың саны кемудің орнына, артып келе жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Олардың пікірінше, бұған Қазақстанның географиялық орналасуы, яғни еліміздің Ауғанстан есірткісін Ресей мен Еуропа елдеріне тасымалдауға қолайлы транзиттік дәлізде орналасуы өз әсерін тигізіп отыр. Осыған орай семинарға қатысушылар нашақорлықпен күрес бойынша алдын алу іс-шараларын күшейту қажет деп есептейді.
«Семинар қорытындысы бойынша ұсыныстар жинағын шығару жоспарланып отыр. Жинақтағы нашақорлықпен күресті жетілдіру бойынша қабылданған ұсыныстармен жергілікті атқарушы органдар жете танысуы үшін оларға жіберетін боламыз. Себебі осы мәселелермен тікелей айналысатын құқық қорғау органдары жергілікті билікпен бірлесіп әрекет жасамаса, онда бұл істе ешқандай тиімділікке қол жеткізе алмаймыз. Нашақорлықпен тиімді күресу үшін барлық мемлекеттік құрылымдар мен қоғам бірлесе әрекет етуі керек», деді «Әлеуметтік-мәдени бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің бас кеңесшісі Құттыбай Ахметов.
Алқалы жиын жұмысына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, нашақорлық мәселесімен айналысатын ғылыми-тәжірибелік, медициналық-әлеуметтік орталықтардың өкілдері, учаскелік испекторлар, психологтар, т.б. мамандар қатысты. Семинарда республиканың 5 облысының өкілдері бас қосты.
Қ.Ахметовтың айтуынша, елордада ағымдағы айдың ішінде тағы үш семинар өтетін болады.