Наталья Годунова табиғи монополия жеке субъектілерінің тауар сатып алу рәсімдерін сынға алды
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жылумен жабдықтау саласындағы аудиторлық іс-шараның қорытындысын талқылау кезінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сатып алуды өткізу кезінде адал бәсекелестік және барлық өнім берушілерге тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қағидаттары тиісті деңгейде сақталмайды. Үлестес адамдардан тауар алу және олардың қызметіне жүгіну мәселесіне қатысты шектеулер жоқ. Сондай-ақ, тарифтік сметада ескерілген тауарларды сатып алуды бақылайтын Табиғи монополияларды реттеу комитеті тұрақты мониторингті атқаруы тиіс. Алайда комитет электронды тәртіпте сатып алудың коммерциялық ақпараттық жүйелерін бақылаудан тыс қалып отыр. Бұл тұрғыда әлеуетті өнім берушілерден жазбаша шағым түскен кезде ғана бақылау жүргізіледі. Аудит жасалған үш жыл ішінде тек 23 шағым түскен», - деді Н. Годунова.
Оның пайымынша, табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті органның аталған жүйені емін-еркін бақылауын қамтамасыз ету керек. Бұл тұрғыда табиғи монополиялардың жеке субъектілерінің электронды сатып алулары бағытында бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу маңызды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жоғары аудиторлық палата жылумен жабдықтау саласында қаражатты тиімсіз игеру деректерін анықтады.
Жылу беру саласындағы мемлекеттік реттеу бірнеше мемлекеттік органға жүктелгендіктен, жылу энергетикасын дамытуда жүйелі тәсіл жоқ.