Наталья Нагачевская: Алғыс айту күні – қазақстандықтар үшін бірегей мереке

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат. – Алғыс айту күні – қазақстандықтар үшін терең мағынаға, рухани қуанышқа толы бірегей мереке, дейді Ақмола облысы поляктар бірлестігінің төрайымы Наталья Нагачевская.

Наталья Нагачевская: Алғыс айту күні – қазақстандықтар үшін бірегей мереке

Бұл туралы ҚазАқпарат жазады.

«Бұл мереке елімізде тұратын этностардың бірлігін, ынтымағы мен достығын көрсетеді. Менің атам мен әжем, мыңдаған поляктар сияқты, Қазақстанға 1936 жылы қатыгез сталиндік режим кесірінен жер аударылды. Қазақтар ашаршылықты бастан өткергендеріне қарамастан, оларды жау ретінде емес, жанашырлықпен қарсы алып, өздерінде де тапшы болған нанмен бөлісті.

Олар жылы Еуропадан келген адамдарды Азияның қатал да шеті мен шегі жоқ даласында өмір сүруге үйретті. Бір-бірінің тілін білмеу адамдардың қарым-қатынасына еш тосқауыл болмады. Адамдар үшін басты нәрсе – күнделікті мәселелерді шешуде өзара түсіністік пен ынтымақтастық, жанашырлық сезімі және қиын уақытта көмекке келу мүмкіндігі болды. Міне, осындай мейірбандылықтың арқасында поляктар аман қалды. Бізге репрессияның ауыр жылдарында көмек пен қолдау көрсеткені үшін рухани бай адамдарға алғысын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды.

Олар көрші болып, тату-тәтті, бейбіт өмір сүрді, балалары мен немерелерін тәрбиелеп, көп жұмыс істеді. Үлкендерге – құрмет, жастарға қолдау көрсетіп, қуаныш пен қайғыда да бірге болды. Біз бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік», – деді ол.

Н. Нагачевскаяның айтуынша, бүгінгі таңда біз еркін елде тұрамыз, біз үшін бар әлем ашық.

«Біз қазақтармен, кәрістермен, немістермен, ингуштармен және басқа да этностармен бірге бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Балаларымыздың болашағы – біздің тәуелсіз Қазақстанды бірге құрамыз.

Мен – қазақ келінімін. Күйеуіміз екеуміз бойына екі ұлттың ең жақсы қасиеттерін сіңірген екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ал мен болсам, өз отбасыма қайталанбас поляк колоритін әкелдім.

Күйеуімнің үлкен тату отбасы көпұлтты Қазақстан халқын бейнелейді, өйткені онда украиндар, поляктар және немістер де бар. Керемет мереке – Алғыс айту күні қарсаңында мен ата-анама, күйеуіме бақытты отбасы мен әдемі балаларымыз үшін алғыс айтқым келеді. Облыс тұрғындарына қайталанбас жылы атмосфера үшін, Елбасымыз бен Президентімізге Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім үшін алғысымды білдіремін», - деп түйіндеді Наталья Нагачевская.