Наталья Годунова өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың алты бағытын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік қолдау нәтижелерін мониторингтеудің бірыңғай жүйесін құру қажет. Бұл туралы Құрылтайда өтіп жатқан Үкімет сағатындағы депутат Наталья Годунова айтты.
— Біріншіден, соңғы бес жылдағы өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне кешенді бағалау жүргізу қажет. Көрсетілген қолдау шараларының қосылған құнға, еңбек өнімділігіне, экспортқа, импортқа тәуелділікке және жеке инвестицияларға нақты әсерін анықтау керек. Бағалау нәтижелері бойынша тиімсіз құралдарды қаржыландыруды қайта қарап, жобаның қолдаусыз қалған кезеңдеріне арналған жаңа тетіктер енгізу қажет, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, екіншіден, өнеркәсіптік өндірістерді мемлекеттік қолдауда сараланған тәсіл белгілеу керек.Құрылатын қосылған құн мен өнімді өңдеу тереңдігі неғұрлым жоғары болса, жобаға көрсетілетін ынталандыру да соғұрлым көп болуы тиіс. Бұл ретте өндірістің технологиялық күрделілігі мен оның экспорттық әлеуетін ескеру қажет.
— Үшіншіден, өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды белсенді түрде қалыптастыруға көшу керек. Даму институттары келіп түскен өтінімдерді қарастырумен ғана шектелмей, болашағы бар өндірістік бағыттарды өздері анықтап, инвестициялық ұсыныстар әзірлеуі және жеке инвесторларды тартуы қажет. Бұл жұмысты бағалау үшін іске асырылған жобалар саны мен тартылған жеке инвестициялар көлемі бойынша нақты KPI белгілеу керек, — деді Наталья Годунова.
Оның атап өтуінше, төртіншіден, жаңа өндірістерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауды болашақтағы сұраныспен байланыстыру қажет. Ең алдымен энергетика, көлік және инфрақұрылым, оның ішінде жол құрылысы салалары үшін өнеркәсіп өнімдеріне деген қажеттіліктің орта мерзімді болжамын әзірлеу керек. Президент тапсырмасын орындау аясында ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттарды қолдану аясын кеңейту қажет. Отандық және импорттық өнімнің үлесін бағалау үшін ірі мемлекеттік инвестициялық жобалар аясындағы сатып алуларға мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету керек.
— Бесіншіден, инвестициялық жобаларды өндіріс жобалық қуатына шыққанға дейін кешенді сүйемелдеу жүйесін енгізу керек. Мемлекеттік қолдау алатын әрбір маңызды жоба бойынша қаржыландыру, инфрақұрылыммен және шикізатпен қамтамасыз ету, кадрлар даярлау және өнім өткізу мәселелерін қамтитын бірыңғай жоспар әзірлеу қажет. Барлық қатысушының іс-қимылын үйлестіретін жауапты үйлестіруші белгіленуі тиіс. Сонымен бірге инвестордың коммерциялық жауапкершілігі сақталуы керек, — деді ол.
Депутат алтыншыдан, мемлекеттік қолдау нәтижелерін мониторингтеудің бірыңғай жүйесін құруды ұсынды.
— Әрбір кәсіпорын бойынша көрсетілген қолдау шаралары мен олардың жалпы құны, өндірістік қуаттың жүктелуі, қосылған құн, еңбек өнімділігі, экспорт және тартылған жеке инвестициялар туралы мәліметтер қолжетімді болуы тиіс. Мониторинг нәтижелері мемлекеттік қолдауды жалғастыру, оған түзетулер енгізу немесе оны тоқтату жөніндегі шешімдерге негіз болуы керек, — деді Наталья Годунова.
Бұған дейін ол ішкі тұтынудағы отандық өнім үлесінің қалай өзгеріп жатқанын бірде-бір мемлекеттік орган бақыламайтынын айтқан еді.